Электрондық цифрлық қолтаңба жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

Бүгінгі кезеңді кешегі уақытпен салыстыра алмайсың. Ақпараттық технологиялар даму үстінде. Кеше ғана  азаматтар қандай да бір анықтамалық ақпарат, мүлік құқығын немесе жер учаскесі түріндегі материалдық игіліктерді, ақшалай қаражат түріндегі әлеуметтік көмекті және т.б. растайтын түрлі сәйкестендіру құжаттарын алу үшін мемлекеттік органға өтініш беруге бар жұмысын тастап немесе алыстан ат арытып өздері келуі қажет еді. Көбіне азаматтар жазған өтініштеріне жауап алу үшін қағазбастылықпен, түрлі кедергілермен инстанциялар арасындағы «жүгірумен» күресуге мәжбүр болды.

Ал, қазір бір парақ анықтама қағаз үшін мекеме жағалайтын кез келмеске кеткен. Электрондық мемлекеттік қызметтер халық арасында кеңінен қолданысқа енді.

2013 жылы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» ҚР Заңы азаматтардың өтініштерін қарау кезіндегі жоғарыда аталған мәселелерін біржолата шешті. Өтініштер салалар бойынша бөлініп, «мемлекеттік қызмет» анықтамасы берілді. Мемлекеттік қызметтің әрбір түрі бойынша заң беру орны, жұмыс кестесі, қарау мерзімдері, қажетті құжаттар тізімі, өтінішті қарау нәтижесі және бас тарту негіздері сияқты параметрлерді нақты бекітуге мүмкіндік берді.

Заңда «Бір терезе» қағидатын енгізу және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық форматта алу мүмкіндігі көделіп, азаматтар үшін қолайлылық жасалды. Мемлекеттік қызметті электрондық түрде алу үшін азамат электрондық-цифрлық қолтаңба – ЭЦҚ алуы қажет немесе оны халық арасында «кілт»деп атайды.

Цифрлық кеңістікте ЭЦҚ қағаз құжаттағы қол қоюшы тұлғаның өзi қойған қолымен теңестірлген. ЭЦҚ-мен қол қойылған электрондық құжат қаламмен қол қойылған және кейбір жағдайларда мөрі бар қағаз құжат сияқты заңды күшке ие. ЭЦҚ иегері болу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ең жақын халыққа қызмет көрсету бөлімшесіне (ХҚКО) жүгіну қажет.

ЭЦҚ іс жүзінде сандық кеңестіктегі көп артықшылықтары бар кілттің бір түрі. Интернетке қосылған дербес компьютеріңіз немесе смартфоныңыз болса ЭЦҚ кілтіңізбен мемлекеттік органға не ХҚО-ға бармай-ақ тұрған жеріңізден сотталмағандығы туралы, мекен-жайға тіркелу жөнінде т.б. көптеген мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта ала аласыз.

Еліміздегі цифрлық дамудың артықшылығы да осы. Осыдан он жыл бұрынғы күнұзақ кезекте тұрып, түрлі мемлекеттік органдар арасындағы сарсаңға салатын «жүгіру» тірліктеріне, қағазбастылық пен әрі тарт та бері тарт созбалаңдық секілді кедергілерге, төрешілдікке электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы осылай  нүкте қойылып, жедел құжат алу, жедел құжат дайындау т.б. жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Алия Искакова,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы

Related posts