Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесімен тең

Күнтуғанова Айнұр Серікболқызы
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы 

Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесін әрдайым ұлттың мерейі мен мәртебесіне тең қойған. Өйткені қыз – өмірдің анасы, ұрпақтың ұйытқысы, шаңырақтың шырағы. Қыз өссе – елдің көркі өседі, қыз күлсе – отбасының берекесі артады. Сондықтан да «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген ғасырлардан бері мәнін жоймай, уақыт өткен сайын өзектілігін тереңдете түсуде.
Қазақ қоғамында қыз баланы ардақтау, аялап өсіру – әуелден қалыптасқан салт. Ұлт болашағын ойлаған ата-ана қызын ибалы, инабатты, арлы, ұяң, ісмер етіп тәрбиелеуге тырысқан.
«Қызға қырық үйден тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» секілді нақылдар да қыз тәрбиесіндегі жауапкершілікті айқын бейнелейді. Бұл тыйымдар шектеу үшін емес, қыз баланы қоршаған ортаның қатерінен сақтап, оның пәк болмысын қорғау мақсатында қалыптасқан.

Қыз тәрбиесі отбасынан басталады. Ұлы даланың даналығы қыз тәрбиесін ең алдымен отбасы ішіндегі өнегеден бастайды. Ана – мейірім мен нәзіктіктің, әке – сенім мен қорғанның символы. Қыз бала екеуінің де адамдық болмысын көріп өседі.Отбасындағы сүйіспеншілік, сыйластық пен жауапкершілік қыздың тұлға ретінде қалыптасуына шешуші әсер етеді.
Қазақ қоғамында қыз тәрбиесі ұлттық тәрбиенің өзегі саналған. Қыз баланың мінезі, жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу әдебі – бәрі де ел алдындағы жауапкершілікпен өлшенген.
Әжесі ертегі айтып, анасы ісмерлікке баулыған, ағасы қорған болса, әкесі ақылшы әрі бағыт беруші болған. Бір ғана қыздың бойына бүтін отбасының өнегесі тоғысып отырған.

Қыз тәрбиесі – жеке отбасының ғана емес, тұтас ұлттың жауапкершілігі.
Бүгінгі заманда қыздарға тек ибалық пен инабат жеткіліксіз.
Олар:

    •    білімді болуы,

    •    кәсіби тұрғыда дамуы,

    •    өз құқығын білуі,

    •    қоғамдағы орнын түсінуі,

    •    рухани және эмоционалдық тұрғыдан мықты болуы қажет.

Қыздың тәрбиелі, мәдениетті, білімді болуы – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің жарқын болашағын айқындайтын басты өлшемдердің бірі. Сондықтан «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесімен тең» деген сөз – бүгінгі күннің де, келешек ұрпақтың да ұраны болуға тиіс.

Related posts