Жемқорлыққа қарсы  күрес әр азаматтың міндеті

Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына кедергі келтіріп отырған ең басты қауіп-қатерлерінің бірі болып саналады. Оның алдын-алу, болдырмау мақсатында құқықтық мәдениетті қалыптастыруда мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен түрде құқық бұзушылыққа төзбеушілік акциялары тұрақты түрде жүзеге асып келеді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, болдырмау жөнінде  жастардың санасына жете түсіндіруміз керек. Қазіргі таңда қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғамда  әр тұлғаның санасына құқықтық мәдениетті қалыптастыру аса маңызды болып табылады.  Сол себепті де, құқықтық мәдениетті одан әрі жетілдіру, түсіндіру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөнінде көптеген шаралар ұйымдастырылып келеді.  

Сыбайлас жемқорлық түсінігіне анықтама беруде әртүрлі көзқарастардың болуы аталған құбылыстың өте күрделі мәселе екенін білдіреді және оны жан-жақты зерттеуді талап ететінін көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық категория ретінде лауазымдық тұлғалар мен қоғамның жекелеген мүшелері арасындағы үшінші тараптың мүддесіне зиян келтіре отырып, пайда алу мақсатында өз лауазымын пайдалану болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуды тежейтіні баршаға белгілі.

Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді, әлемдік стандарттарға сай институттары мен тетіктерін құру бағытымен мақсатты және кезең-кезеңмен жүріп келеді. Біздің елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс істеуде. Оның негізі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар болып табылады. Сонымен қатар, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда. Негізгі мақсат – мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды кешенді түрде іске асыру болып табылады.

ҚР Қылмыстық Кодексі 366-бабы пара алу, 367-бабы пара беру, 368 бабы парақорлыққа делдал болу жатады.

Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы реттеуші және құқық қорғау функцияларын біріктіретін арнайы мемлекеттік орган құрылды. Ол мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен өткеру және мемлекеттік аппарат тазалығына мониторинг жүргізу мәселелерін реттеуге ғана арналған емес, оған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның профилактикасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық қудалау функциясы да берілген.

Қылмыстық-құқықтық саясат сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін лауазымды адамдардың қатаң жауапкершілігін қамтамасыз етеді.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін басшылардың дербес жауапкершілігі жөніндегі нормалармен толықтырылды. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтумен қатар олардың әлеуметтік кепілдіктері де жетілдірілуде.

Сот жүйесіне деген сенімді арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде оның рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Судьялар корпусын қалыптастыру тетігін жетілдіру, электрондық сот ісін жүргізуді дамыту, оның ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылданды. Сыбайлас жемқорлықтың себептерін, жағдайлары мен салдарларын айқындаған кезде, жергілікті тіл, ұлттық және діни ерекшеліктер, құқықтық мәдениет деңгейі сияқты факторлар ескерілуі тиіс.

Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-қимылдың басты шарттары билік органдарының қоғамға есеп берушілігі мен оның бақылауында болуы, сот төрелігінің тәуелсіздігі мен әділдігі, баяндауда анық және қолдануда күрделі емес заңдар, мемлекеттің кадр саясатындағы меритократия, мемлекеттік рәсімдердің ашықтығы және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздігі болып танылады.

Ғ.Жаңабаев
Қызылорда қаласының №2 сотының аға сот жасаулы

Related posts