Даңғайыр жыраулар домбырасының құлағын келтіретін Сәулегүл кім еді?

Біз мезетте жүз жүйрік шыққан Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылында қазірдің өзінде жыршы жыраудан бөлек адуынды ақыны мен, сөз ұстанған тілмарларлар ну қамыстай сыңсып жүр. Кез келгенімен танысып сөйлесе кетсеңіз әңгімесіне ұйып, таңдай қағып, тамсанып отырып қанша уақытыңды өткізгеніңді білмей қаласың. Солардың бірі уақытында талай атақты жыраулардың дауысын таспаға түсіріп, көнеліктен сөз жинаған шежіреші Айтжан ақсақалдың баласы Календаров Ідіріс.

Сөз көмбесі атанған сүлейлердің сынығы жайлы сыртынан естіп жүруші ем, күні кеше іздеп барып сұхбаттасудың реті келді. Қонақжай Ідекең төріне патша қылмайынша шаруамызға көше қойған жоқ. Жайланып отырған соң ернеуін бұзып аққан дариядай ақтарылды.


Пай, пай шіркін, бұл не деген көмбе дерсің. Жыраулар жайлы, дастандар мен термелер талдамасы, сүлейлерге деген ғалымдардың берген пікірі дейсің бе, әйтеуір бір жатқан тұңғиық. Төгіліп, төгіліп сөйлегенде сөз құдіретіне ұйып кете беріппіз. Бір кезде даланың дарабозындай болып отырған ағамыз «шіркін өнерге деген құрметті көріп өстік» деп бір ұзақ ойланып алды да:
-Атақты Қуандық, Жаппар, Әбдіхалық сынды жыраулар күріш басында тынбай еңбек ететін. Біз жаспыз, әлімізше жұмысқа үлес қосып жүретін кез. Алып тұлғалар жұмыс түскі үзіліске дейін бір тынбайды-ау. Сөйтіп үзіліс болған кезде маңдайларының терін сүртіп, барлығы жиналып астанатын орынға келіп, түскі асқа отырады. Шай суы қанған соң домбыраны қолына алады да, бір-екі шертіп барып сол жерде қызмет жасап жүрген Сәулегүл апама: «Айналайын, Сәулегүл шырағым, мына домбыраның құлағын келтіре қойшы» деп ұсынатын. Сәулегүл апам кәдімгі аты әлемге мәшһр Мұзараптың қызы ғой. Сәл именіп қалатын да, қолға алушы еді. Сонда Кеңес өкіметіне аты дүркүреп шығып тұрған жыраулар «Қане, шырағым, жөндей ғой» дейтін үстермелетіп.
Сәулегүл апам домбыраны сөйлететін даланың сандуғашы емес пе. Онсызда сәйгүліктей ойнақтап тұрған домбыраны шертіп шертіп құлағын бұрайды. Өзгеге өтірік шығар, бізге шын, апамның сол құлақ келтіріп жатқандағы шертісінің өзі талайды есінен тандырушы еді ау жарықтық. Әрине, әлгі атақты жыраулар домбыра құлағын келтіре алмайды емес, домбыраны сөйлетеді, тек Мұзарапқа деген атақты жыраулардың құрметі оның қызының алдынан бір өткізіп алатын. Мен ондай өнерге деген құрметті одан соң көрген емеспін,-деп түйіндеген Ідекең Мұзарап жыраудың әлеміне еніп кете барды.
Бұл не деген өнерге құрмет расында деп мен өз ойыммен арпалысып, Сәулегүл ананың домбыра құлағын бұрып отырған бейнесінің алдында қалдым да қойдым. Құдайым ау, Қуандық Бүрлібаев, Жаппар Тұңғышбаев сынды жыраулар сүлейлердің сұлтаны емес пе. Олардың домбырасының құлағын келтіретін Мұзарап Жүсіповтың қызы Сәулегүл ана неге танымал емес деп іздене бастадым. Сөйтсем расында Ідекең тамсанған Сәулегүл Мұзарапқызы аты шықпай қалған нағыз талант екен. Тек зерттелмей жатыр. Жұбайы Мұхтарбаев Әмзе екеуі сегіз бала тәрбиелеген бақытты ана.
Әлиакбар Жұматаев ақынның «Сыр бойында Шәмшат бар, домбырасын моншақтар, Қыз едім деп қымсынбай» деп жырлағанындай бұл елде бәйгеге түссе бас бермес бұрымдылар да көп болған екен. Тек келіндік ибалықтан аттамай ел алдына шықпапты ау дүние-ай. Болмаса қазіргі Зәуре Кәрібаев, Үрліхан Өндібаев, Зәрипа Тасымова сынды сәйгүліктерден Тұрмағамбет ауылы еш уақытта кенде болмаған деп түйді сөз ұстанған Ідіріс ағамыз.
Топырағы құнарға, тұлғалары шынарға айналған ауылдың әр шаңырағына барсаң Тұрмағамбеттің мұрагерін, Сәулегүл анамыздың сіңілілерін көресің деседі. Бұл неткен қасиетті мекен десеңші.

Қанжар Мырқы

Related posts