Дін мен дәстүр – ұлт ұстыны
Дін және дәстүр – ең өзекті екі тақырып. Өзектілігі сол – кез келген қоғамның өмір сүру дағдысы мен адамдық қасиеттер, адамгершілік байланыс осы екі діңгектің берік болуымен өлшенеді. Неліктен? Қай халықтың болмасын салт-санасы сол ұлттың мінез-құлқын, менталитеті мен қасиеттерін, тәрбиесі мен мінезін танытса, дін – болмысын, сенімін, рухани түсінігін көрсетеді. Ал екеуі де ізгілік пен мейірімге, жақсылық пен адамдыққа негіздеген халықта өресі биік ұл-қыз өсіп шығады. Біздің асыл дініміз бен ұлтымыздың дәстүр сабақтастығын қалай бағалаймыз? Саралап көрейік. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына балта шабу ғана емес, дінге де қарсы шығу болып табылады.
Қазір дінге бет бұрған жастарымыз өсіп келеді. Кезінде Кеңес одағынан енді ажырап, өз іргемізді қалаған тәуелсіздіктің тұралаған жылдарында қоғамның негізгі түсінігі атеистік көзқараста болып келді. Сонымен бірге, ұлт ретінде қалыптасуымызда маңызды орын алатын салт-дәстүрімізге айтарлықтай нұқсан келді. Бала кезімізде өз көзімізбен көріп өстік, қатарластарымыздың ата-анасы ішімдікке жақын болды. Әлі күнге сол буынның өкілдерінің арасында ащы суды серік ететіндері көп. Қазіргі жастар ше? Қарап отырсаңыз, дінге жақын, Алла жолына түскен, ақиқатын тапқан замандастарымыз көп. Ал дін адамды ешқашан адастырмақ емес. Дінді дұрыс түсінген адам дәстүрге, ұлтқа, үлкен мен кішіге теңдей қайырлы, ізгілікті болмақ. Бұл – ақиқат.
Бір ғана мысал, қазақтың қонақжайлылық қасиетін алайық. Ал қонаққа деген құрметтің негізі Ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін», — деген Алла Елшісі (с.а.с.). Қонағын құдайындай күткен қазақ үшін бұл қасиет дін мен дәстүрдің ең озық үлгісі дер едім. Бұл дегеніңіз, әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни дінінің беріктігінде.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» деген еді. Демек ата-бабаларымыз діндегі ең ізгі қасиеттерді ұлттық болмысқа лайықтап, түсінікті әрі жеңіл, менталитеттен алшақтатпай жеткізуге, санаға сіңіруге тырысқан. Сол себепті дін ұлы дала халқының рухани болмысымен үндесіп, сол халықтың ажырамас бөлігіне айналған. Біз төл тарихымызды зерделей отырып, исламның ұлттық болмысымыз бен қазақ халқының ел болып қалыптасуына зор үлес қосқанын анық аңғарамыз. Қарап отырсаңыз, шариғат қазақ халқының табиғатымен өте үндес, мәндес, діндегі асыл жауһарларымыз күнделікті тіршіліктегі дәстүрлі салт-санамен тығыз байланысты. Ислам дінін, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын ұлт үшін дәстүрдегі діннің көріністері тарихи сананы қайта түлететін парасат баспалдағына жасалған игі қадам деп есептеуге болады.
Жастар ата-бабамыздан келе жатқан кей салт-дәстүрімізді біле бермейді. Оған мысал, қарапайым келін түсерде, баланың тұсауын кесерде жасалатын жөн-жоралғыларды үлкендердің көмегінсіз жасай алмайды. Жігіттер жағы ет қақтап, жілік айыра білмесе, қыздар кесте тігіп, ұлттық тағамдарды әзірлеуге көңіл бөлмейді. Бірақ, дін жолына түсіп, діни ортаның ережелерін ұстанатынын алға тартатын жастар көп. Ал асыл дініміз бұған не дейді? Жалпы, жастар арасындағы діни тәрбие, мінез-құлық мәселесі, олардың көзқарасы біз айтып қоя салатын мәселе емес. Өте өзекті әрі ауқымды тақырып. Оның астарында ұлт болып ұйысудың, елін сүйген, жерін сүйген патриотизмнің жатқанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан да, белгілі жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, “Ел боламын десең – бесігіңді түзе” деген қағида әр қазақ отбасының өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.
Қазақ халқында діннен бастауын алатын дәстүрлеріміз өте көп. Мысалға, адамдардың жиналып туыстарына, көршілеріне, яғни, мұқтаж жандарға көмектесуі. Біреу үй салып жатса немесе табиғат апаттарына байланысты үйі қирап қалған болса, халық болып көмектесу, асарлатып, жылу жинап мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмек қолын созған. Исламда Пайғамбардың өзі туыстарына жан-жақты көмек көрсеткенін ескерсек, жақын адамдарға көмектесу барлық діннің негізгі көрінісі екенін анық айта аламыз.
Ізгілікті қоғам құруда дін мен дәстүрдің алар орны айрықша. Дінін құрметтеп, салт-дәстүрін берік ұстанған ұлттың болашағы жарқын, алар асуы мол болмақ. Сондықтан, ең алдымен тәрбие қағидаттарын түзеп, болашақ ұрпақ адаспайтындай дұрыс жол сілтейік.
#ислам_ізгіқоғам
#aqmeshit_kz
Қ.ЖАҚСЫЛЫҚ