Біз зайырлы, құқықтық мемлекетпіз. Ата Заңымыздың басында ел байлығы адам және адамнің өмірі мен денсаулығы деп анық көрсеткен. Ал, біз сөз етіп отырған адам саудасы, бостандығы мен еңбегін пайдалану, яғни өзгені құлдыққа түсіру, құқығын бұзу – кешірлмес қылмыс.
Сарапшылардың пікірінше, адам саудасы заңсыз әрекеттердің ішінде табыс көлемі бойынша үшінші орында тұр екен. Яғни, адамдарды сату, пайдалану, азғыру, тасымалдау немесе жасыру әрекеттерімен байланысты қылмыстар. Тиісінше мұның жазасы да жеңіл емес. Әлемдік қауымдастық болса адам саудасы құрбандары жасарып бара жатқанын айтып отыр.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 7-бабында «мәжбүрлі еңбек» жайында былай түсіндіреді «Адам өз еркімен қызмет көрсетпеген кез келген жұмыс немесе қызмет мәжбүрлі еңбек болып табылады» делінген. Сонымен қатар Конституциясының 24-бабының 1-тармағында мәжбүрлі еңбекке тек сот үкімі бойынша немесе төтенше немесе соғыс жағдайы жағдайында ғана жол беріледі деп көрсетілген.
Жыл сайын жақсы өмір іздеген миллиондаған адамдар мигранттардың қатарына қосылып, өз елдерін тастап кетуді шешеді. Бірақ өзге мемлекет оларды әрқашан құрметпен қарсы алмайды ғой. Соның салдарынан адамдар жұмақ іздеп барып, тозақтың азабына тап болады. Аяғында зорлықты еңбекке тәуелді болып, құжаттарынан айырылып, үйге оралу мүмкіндігінен айырылуы былай тұрсын жақындарымен байланысын жоғалтады. Мұны болдырмаймыз деген халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар мұндай жағдайлардың алдын алу және онсыз да қиыншылыққа ұшырағандарға көмектесу үшін белсенді жұмыс істеуде. Бұның бір айғағы өңіріміздегі «Шағын кәсіпкер әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұзақ жылдар бойғы еңбегі. Адам құқықтарын сақтау мақсатында заңнамалық салада да, әлеуметтік салада да мемлекеттік деңгейде де ауқымды жұмыстар атқарып жатқан аталған бірлестік жетекшісі Салтанат Сыздықова:
– Біз, өмірлік қиын жағдайға тап болған мигранттар мен азаматтарды қолдаудың заңнамалық жүйесін жетілдіруге өз үлесімізді қосып жатырмыз. Азаматтық қоғам қай кездеде мемлекеттік әлеуметтік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жасаған жағдайда ғана тиімді және оң нәтижеге қол жеткіземіз.
Өткен жылы еңбек құлдығына түскен 23 азаматқа көмек көрсетсек, биыл 19 азаматтың құжаттарын қайта реттеп, үйлеріне қайтуына көмектестік. Қазір қоғамдық бірлестік Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп «Орталық Азиядағы еңбек миграциясы бағдарламасы» жобасын жүзеге асыруда,-дейді. Сонымен қатар аталған бірлестік Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен «Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» жобасы бойынша, «Сана сезім» қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бұдан өзге «Азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін арттыру арқылы адам саудасына бірге қарсы тұру» бастамасының шеңберінде жұмыстар жасап жатыр. Яғни, мигранттардың шекаралық аумақтардағы қауіпсіздігі және заңды көші-қон туралы хабардарлығын арттыру жобасы бойынша түсіндірмелер жасайды. Адам саудасының құрбаны болмас үшін белгілі бір ережелерді сақтау қажет екенін түрлі тәсілдермен жеткізуде. Бірлестік жетекшісі С.Сыздықова тағы бір сөзінде былай дейді:
Шетелден келушілер мен шетелге шығушылар ең алдымен көші-қон қызметіне тіркеліп, еңбек шартын жасап, жұмыс істейтін ұйым туралы ақпарат алу өте маңызды. Ешбір жағдайда жеке құжаттарын басқа адамдарға бермеу керек. Осы ережелерді сақтау арқылы Cіз өзіңізді қолайсыз жағдайлардан қорғай аласыз,-дейді.
Қазақстан үшін мигранттарды біріктіру мәселесі өзекті мәселе. Өйткені 2000 жылдардың басынан бастап біздің еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтарын қызықтыра бастады. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адам саудасына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мен анықтаудың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсеткен. Мемлекет басшысы адам саудасы мен мәжбүрлі еңбектің құрбаны болған барлық адамдарға, соның ішінде шетел азаматтарына да көмек көрсету қажет екенін атап өткен. Сондай-ақ ол Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін айтты. Өйткені, халықтың тағдыры мен Қазақстанның халықаралық беделі, оның ішінде құқықтық және прогрессивті мемлекет ретіндегі беделі қабылданған шаралардың тиімділігіне байланысты деді.
Бір сөзбен айтқанда ешкім ешкімнің бостандығына, адал еңбегінің қақысына жайдан жай қол сұға алмайды. Мейлі шетел азаматтары болса да. Сондықтан өзгеге құлдық қамытын кигіземін деп қылмыстың кісеніне тап болмаңыз.
Қ.Мырқы