Н.Ибраев
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының аға сот приставы
Конституция – кез келген мемлекеттің ең басты заңы. Ол елде қандай тәртіп болатынын, мемлекет қалай басқарылатынын және азаматтардың қандай құқықтары мен міндеттері бар екенін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұл күн қазір елімізде маңызды мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді.
Конституцияда Қазақстан тәуелсіз, демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет деп көрсетілген. Бұл сөздердің мағынасы өте маңызды. Тәуелсіз мемлекет – өз тағдырын өзі шешетін ел. Демократиялық мемлекет – халықтың пікірі ескерілетін ел. Зайырлы мемлекет – дін мен мемлекеттің бір-бірінен бөлек екенін білдіреді. Ал құқықтық мемлекет дегеніміз – заңның бәрінен жоғары тұруы.
Конституция әрбір азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Әр адам өмір сүруге, білім алуға, еңбек етуге, демалуға, медициналық көмек алуға құқылы. Сондай-ақ әр азамат өз ойын еркін айтуға, таңдау жасауға, ар-намысын қорғауға құқылы. Бұл құқықтар адамның қалыпты өмір сүруі үшін өте қажет.
Сонымен бірге Конституцияда азаматтардың міндеттері де көрсетілген. Әрбір адам Конституцияны және басқа да заңдарды сақтауы тиіс. Басқа адамдардың құқықтарын құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, табиғатты қорғау – әр азаматтың борышы. Сондай-ақ Отанды қорғау да маңызды міндеттердің бірі болып саналады.
Мемлекеттегі билік бірнеше тармаққа бөлінеді. Заң шығарушы билік заңдар қабылдайды. Атқарушы билік сол заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді. Ал сот билігі заңның дұрыс қолданылуын бақылап, әділ шешім шығарады. Бұл жүйе биліктің бір қолға жиналмауына және әділдіктің сақталуына көмектеседі.
Конституция – барлық заңдардың негізі. Елімізде қабылданатын кез келген заң немесе ереже Конституцияға қайшы келмеуі керек. Егер қайшы келсе, ол заң күшін жояды. Сондықтан Конституция мемлекет үшін де, халық үшін де өте маңызды құжат болып табылады.
Конституция – еліміздің тұрақтылығының, тыныштығының және дамуының кепілі. Оны білу, түсіну және құрметтеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті. Заңды сыйлаған ел әрдайым алға басып, болашағы жарқын болады.
