Жастарымызды Жерін қадірлеп, табиғатын қорғай білуге баулу үшін, халқымыз табиғат қорғаудан хабардар болып, ат салысуы үшін елімізде «Парктер шеруі» акциясы жылма-жыл өткізілуде. Акция барысында көптеген іс-шаралар жүреді. Бұған республикамыздың барлық қорықтары, ұлттық парктері, қорғалымдар т.б. белсенді қатысады.
Біздің елімізде «Парктер шеруі» акциясы мектеп оқушылары мен жасөспірімдерді отансүйгіштік пен табиғатты аялауға баулуда, туған өлкесіне жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуде үлкен маңызға ие. Сонымен қатар, жергілікті халық арасында табиғи ортаны ластамауға, дала және орман өрттерінің алдын алуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында таптырмас құрал.
Марштың мақсаты – қорықтар мен ұлттық парктерге қоғамдық қолдау көрсету.
«Парктер шеруі» тұрғындарға не береді? Ең алдымен, бұл шара әр адамға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұлттық құндылық ретінде тануға және бұл аумақтарға қаржылай, іс-шараларға қатысу, еріктілік көмек арқылы өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Парктер шеруі – қоғамның, уәкілет органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, бизнестің қайталанбас ладшафттар, сирек кездесетін өсімдіктер мен жанауарлар түрлерін болашақ ұрпаққа өзгермеген күйде жеткізу мақсатында құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзекті мәселелеріне назарын аудартуға негізделген акция. Бұл акцияның ерекшелігі — тез арадағы нәтижеге жетуі, мұның ішінде радио- және теле- бағдарламалар дайындау, қорықтар мен ұлттық парктерге қайырымдылық қаражат жинау да кіреді. Бұл күндері дәрістер, пікірталастар, көрмелер, қорық аумағында жұмыстар, «дөңгелек столдар», көгалдандыру мен аббаттандыру жүргізіледі.
Осы жылы да аталған шаралар ауданымызда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бастауымен іске асырылды. Көптеген іс-шаралар барысында жергілікті тұрғындар мен жастар жылдағы табиғат мерейін асқақтату үшін ұйымдастырылатын «Парктер шеруі» республикалық табиғат қорғау акциясынан тыс қалмады. 2023 жылдың наурыз-маусым аралығында көгалдандыру және тазалық сақтау, ауданымызды аббаттандыру бойынша өзекті мәселелерді қамтитын жастар жобасын қорғау бойынша шаралар және «Қызғалдақ Фестивалі», «Жас экологтар» сайыстары және де түрлі тақырыптарда арнайы дәрістер, т.б. ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, жастарды және аудан тұрғындарын табиғатты аялауға бағыттауда бірден-бір маңызды шаралардың бірі – ол тал желектерін отырғызу. Осындай шаралар негізінде «Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні» және сәуір айы бойына республикалық «Жасыл желек — жердің көркі» акциясы аясында тал отырғызу бойынша жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл шараға ауданымыздың көптеген мемлекеттік органдары және қала жастары белсенді ат салысты.
М. Қуатов
Барсакелмес мемлекеттік
табиғи қорығы