Сот отырысының хатшысы болу жауапты міндет

Егер тарих шымылдығын түріп, «хатшы» деген мөздің түп-тамырына үңілер болсақ, ең алдымен хаттаушы немесе жылнамашы деген сөздердің ойға оралары анық. Осы кәсіпті иеленген адамдар туралы деректер мол. Хатшылар данышпан, ел билеуші адамдардың қасында жүріп, олардың бұйрықтары мен жарлықтарын қағаз бетіне түсірді. Олар оны жәй ғана қағаз бетіне түсіріп қойған жоқ, болған жайдың бәрін хронологиялық тәртіппен мұқият тіркеді. Небір оқиғалардың айна-қатесіз ұрпақтан ұрпаққа өзгермей қаз-қалпында жетуі осы хатшылардың жазу шеберлігі мен зердесіне байланысты болды.

Сондықтан хатшылық жұмыс заңдарды жақсы білетін, білімді әрі сан түрлі мамандықтардың қыр-сырына жетік адамдарға сеніп тапсырылды. Қорыта келгенде, хатшы мамандығының пйда болу тарихы сонау бағзы заманнан бері бастау алады деуге болады.

Сот отырысының хатшысы да соттың өзіне жүктелген функцияларды орындауы кезінде өте маңызды рөл атқарады. Сот отырысының хатшысы өзі хаттамалауды қамтамасыз етуі қажетті барлық уақытта сот отырысының залында болуға және сот отырысынан төрағалық етушінің рұқсатынсыз кетпеуге; хаттамада соттың әрекеттері мен шешімдерін, соттың отырысына қатысушы барлық адамдардың өтінішхаттарын, қарсылықтарын, айғақтарын,түсініктемелерін, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетілуге жататын басқа да мән-жайлардытолық және дұрыс жазуға; сот отырысының хаттамасын осы Кодексте белгіленген мерзімде дайындауға; төрағалық етушінің заңды өкілдеріне бағынуға; жабық сот отырысына қатысуна байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшін жауап береді және сот отырысының хаттамасына анық емес не шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізілген жағдайда заңда көзделген жауаптылықта болады.

Бір қарағанда, сот отырысы хатшысының жұмысы осы адамның сот отырысы залында қатысуымен ғана шектелетін сияқты болып көрінеді. Бірақ, шын мәнісінде сот отырысы хатшысының міндеті мұнымен шектелмейді. Оның бірден көзге көріне қоймайтын бейнеті көп жұмысы хатшыдан тиянақтылықты, өз ісін беріле атқаруды талап етеді.

Сот отырысының хатшысы іс материалдарын сот отырысында қарауға дайындалумен айналысады, хабарламаларды, шақыру қағаздарын, смс-хабарламарды процеске қатысушылар мен тараптарға жібереді. Сонымен қатар, ол процеске қатысушы адамдардың келуін де қамтамасыз етеді.Бұған қоса ол өзі сот отырысына қатысады және сот отырысы хаттамасын жүргізеді, сот актілерін орындайды, сот істерін заңнама талаптарына сәйкес рәсімдейді, құжаттарды мұрағаттайды және оларды сот мұрағатына тапсырады.

Сот хатшыларының жұмысын талай істі бір мезгілде атқара алатын ғажайып қабылеті бар ұлы Цезарьмен салыстыруға болады. Сот отырысының хатшысы шежіреші сияқты. Ол сот құрамымен бірге жұмыс істей жүріп хаттамаларды жазу барысында талай адамдардың түрлі тағдырына да куә болады. Істерді қарау кезінде олардың қуаныштарын, қайғы-қасыреттері мен қиыншылықтарын да көзімен көріп, көңіліне түйетін де осы сот отырысының хатшылары. Сондықтан оларға мемлекеттік қызметші болғандықтан мораль, ар-ождан, парыз және жауапкершілік тұрғысынан жоғары талаптар қойылады.

Сот отырысының хатшысы талай адамдардың тағдыры талқыға түсетін сот процестеріне қатыса жүріп тараптар бастан кешетін барлық жағдайларды көзімен көреді. Мұндайда олар процеске қатысушылардың түрлі көңіл-күйлеріне сабырмен қарап, көңіл ауанына берілмей, өзінің барлық ынта-жігері мен тәжірибесін өзінің қызметтік міндеттерін бұлжытпай атқаруға жұмсайды. Сондықтан да ол сот құрамының бір бөлшегі бола отырып өз ісіне қашанда жауапкершілікпен қарайды. Сот отырысының хатшысы өзінің қызметіне деген осындай адал көзқарасымен өз елінің патриоты ретінде әрдайым жоғары талап билігіне сай жұмыс істейді.

Көп жағдайда судьяның жұмысы, соттың бейнесі мен беделі хатшының өз міндеттерін қалай атқаратынына да байланысты. Сондықтан да оған үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Қ.Наурызбай
Қызылорда облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы

Related posts