МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ – ҮЗДІК БІЛІМ ОРДАСЫ

Садырова М.С. — соц.ғ.д.,профессор
Дулат М.Ә. — философия және
саясаттану факультетінің 2-курс магистранты

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие Қазақстан  білімі мен ғылымының ірі орталығы, білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы. Қара шаңырақ 1934 жылы қаңтардың он бесінші жұлдызында қаланған. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық саласында табысты еңбек етуде.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті білікті профессорлар мен ұстаздар ұжымы қызмет ететін, шетелдік университеттермен тең дәрежелі серіктестікке ие, Қазақстанның түкпір-түкпірінен білім нәрімен сусындау үшін келген ең білімді, ең дарынды, озат студенттердің ордасы. Университет қабырғаларында студенттерге сапалы білім беріледі, сондай-ақ суденттерге өздерінің табиғи дарыны мен қабілеттерін шыңдау үшін алуан түрлі мүмкіндіктер бар. Осындай мақсатта, университетте көптеген студенттік ұйымдардың басын қосатын Жастар Ұйымдарының Комитеті жұмыс істейді. Мұнда әрбір студент әртүрлі ұйымдардың жұмысымен және мақсатымен таныс болып өзінің жанына жақын ұйымға мүше бола алады. Университет тарапынан да студенттерге көптеген жағдайлар жасалған. Мұның бірден бір көрінісі – Алматының тау бөктеріндегі студенттік қалашық. ҚазҰУ-нің студенттік қалашығын оның көлемі мен масштабын ескерсек “қала ішіндегі қалашық” деп атасақ та болады. Мұнда студенттер сарайы, оқу корпустары, заманауи кітапхана, оқу корпустары, жатақхана блогы және студенттерге қызмет көрсету орталығы “Керемет” орналасқан. Сонымен қатар, студенттерге қызмет көрсету орталығының бірінші қабаты студенттердің қажеттерін қамтамасыз ету үшін медициналық орталық, кинотеатр, супермаркет, дәріхана жабдықталған.

Университет жанында сонымен қатар колледж, біліктілікті көтеру институты және түлектері қосымша әскери мамандық алып шығып, ҚР Қарулы күштері қатарында, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында, кеден қызметі мекемелерінде қызмет етуге мүмкіндік беретін әскери кафедра жұмыс істейді.

Related posts