Апат аймағында жүрген Қызылордалық құтқарушылар Атырау облысы Индер ауданы Өрлік ауылының тұсында жардан құлап түскен жылқыны құтқарды. Төтеншеліктердің жедел әрекеті нәтижесінде жар жағасында есінен танған жылқыны аман алып қалды. Бұған дейін қызылордалық құтқарушылар үй жануарларын да құтқарғаны белгілі.
Жайық өзені бойында орналасқан Есбол ауылы мен Жасуат ауылына дейін мониторинг жасап жүрген құтқарушылар тік жардан құлаған жылқыны байқаған. Төтешеліктер шұғыл түрде көмекке келіп жеткен. Өзен жағасында тұрған жылқыны құтқару барысында демала алатындай тұмсық жағына арқан байлап, жағаға шығарған. Ағын судан жағаға дейінгі қашықтық 800 метрді құрайды.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 101 қызметкер және 12 техника апат аймағында су бөгендерін тұрғызып, нығайту жұмыстарын жүргізуде.