Биік мансап – биік тұлға

2023 жылдың 31 қаңтар күні Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініңхимия және химиялық технология факультеті Органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және технология кафедрасы ұйымдастыруымен «Мәнсап менеджменті: кәсіби даму жоспарын қалай құрамын?» тақырыбында кездесу-тренинг өтті.  Спикер: педагог-тренер, MIE educator, бала тәрбиесі бойынша тренингтер авторы, «Ата-аналар клубы» қоғамдастығының негізін қалаушы, Shonbay Online университетінің лекторы, адами капиталды дамыту менеджменті бойынша белгілі маман, «Үйренуді үйрену» онлайн-курсының құрастырушысы – Ескендір Бестай.

Кездесудің гибридті форматта: Microsoft Tiems платформасында онлайн/офлайн өтуіне байланысты бұл келелі іс-шараға ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің, механика-математика, IT, физика-техникалық, филология, биология, география және табиғатты пайдалану, экономика және бизнес жоғары мектебінің, сонымен қатар ҚазҰПУ, СДУ, ҚазҰМУ, ҚазҰАЗУ, Сәтбаев университеттерінің оқытушылары мен студенттері қатысты.  Кездесуге онлайн форматта Монғолиядан, Оңтүстік Кореядан және Нұрсұлтан, Ақтөбе, Қызыл-Орда және т.б. қалалардан мектеп мұғалімдері, ғылыми қызметкерлер, кәсіпкерлер және т.б. қатысты.

Педагог — тренер Ескендір Бестай өз тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөлісіп,  студенттер кеудесіндегі жалын мен арынды оятты, бизнес бағытында ол кісіден тағылымы мол тәлім алды. «Әрекет түбі – берекет» дегендей Ескендір мырза жасаған қажырлы еңбектің пайдасы міндетті түрде боларын, шаршамай, талмай, алдыға нық қадам басудың жолдарымен бөлісті. Кедейліктен кемелдікке дейтін ойлары жас қанаттарға шабыт сыйлап, жеңіске жетудің қыр- сырымен таныстырды. Кездесудің қызық болғаны соншалық — студенттер ұйып тыңдай отырып, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін аңғармай қалды. Көкейлеріндегі көкейтесті сұрақтарына тиісті жауап алып, бизнес әлеміне тереңінен үңіле алды. Жастармен байланыстың нағыз алтын көпірі осы кездесу болғандай! Оқытушылар да келелі кештің куәсі болды. Бұл дәрістің есте қалары һәм ұмытылмасы анық. Махатма Ганди: «Жеттім, толдым деген адамның дамуы тоқтап, міндетті түрде кері кетуі басталады» деген екен. Осы даму жолында тоқтаса тоқырайтынын түсінген студенттер жаңа дем алып, кәсіби біліммен сусындады. Өз мүмкіндігіңді ескеріп, оны үнемі дамытуға тырысу керек. Осы қағиданы әр шәкірт жадына сіңіріп, өмірде қолдануға бел буды. Кәсіби даму жоспарын құрудың әр тармағын жеке-жеке талқылап, түсіндіріп, студенттерді үйренуге үйретті.

Осындай жастардың рухын түлетер дәрістер еліміздің әр бөлігінде болып тұрса, еліміз тоқырауға ұшырамай, тоқтамай ілгері жылжи беретін еді. Бүгінгі дәрістің қызықтылығы өз алдына бір бөлек! Көрерменге ерекше әсер мен керемет һәм бөлек сезім сыйлаған екен. Бүгінгі күн — ертеңгі тарих!

Үркімбаева П.И.,
Елибаева Н.С.,

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің доценті

Related posts