«8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай кездесу  

        Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Аймақта отбасылық-демографиялық саясатты дамыту» әлеуметтік жобасы аясында  «Асыл Мұра — Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай кездесу  өткізілді.  Шарада Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы аймақтың саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосып жүрген, азаматтық қоғамның бір тірегіне айналып, белсенділігімен, мемлекеттік мүдде жолында маңызды шешімдерге тікелей араласатын әйел-аналарды мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыс етті.

        «Кездесуімізге азаматтық қоғамның дамуына үлесін қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, медиа саласының мамандары, қоғамның дамуына жұмыс жасап жүрген нәзік жандылар жиналып отыр. Алдымен, сіздерді шұғылалы көктемнің ең шуақты мерекесі «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен» құттықтаймын. Ұлттық болмысымызда сіңген ең асыл қасиеттеріміздің бірі – Анаға деген құрмет. Адамға өмір сыйлап, тіршілік нәрін беретін, жаратылыс атаулыны жандандыратын көктемде осындай керемет мерекенің келуі де бір ғанибет. Сондықтан, дәл бұл күн ғана емес, жылдың әр күнінде сіздерге деген құрметіміз бен алғысымыз шексіз,» — деді басқарма басшысы.

        Мерекелік кеште «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы С.Биқожа, «Көкжиек» қоғамдық   қорының төрайымы А.Турбаева, Сыр елінің аяулы ақын қызы, «Қазақстан Жазушылар Одағы» Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қ.Есімсейітова, «Жаңа серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы С.Сарсенбаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Р.Игенбаева және т.б. әйел-аналар ыстық ықыластарын айтып, құрмет көрсетіп, мерекелік құттықтауға шексіз ризашылығын білдірді.

Шара соңы өнерпаздардың ән кешіне ұласты.

Related posts