Ата Заң — Конституцияға 30 жыл!

Г.Чингисов
Қызылорда қаласының мамандандырылған
тергеу сотының төрағасы

Тәуелсіздіктің мызғымас мұрасы, бағалы құндылығы саналған Ата Заңымыз ел еңсесін тіктеуге, ел іргесін бекітуге айрықша ықпалын тигізді. Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Ата Заң барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы — Конституция қабылданды. Еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат.

Еліміздің Конституциясы –бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ата Заң – бейбіт­шілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын даңғыл жол. Тоғыз бөлімнен тұратын Ата Заңда еліміздің азаматтарына толық жағдай жасалған. 

Ата заңымыздың өміршеңдігі, демократиялық табиғаты туралы қазақстандықтар да, шетел азаматтары да жиі жылы лебіздер айтып, болашағымызға зор сенім білдіріп келеді.

Заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді.

         Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізігі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмытылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет заңнамасында бекітілген жеке тұлғаның құқығын жүзеге асыру мен қорғаудың тиімді механизмін құруды болжайды. Адам құқығы, оны сақтау мен кепілдік беру бүгінгі таңдағы маңызды мəселелердің бірі. Ата За­ңы­мыз егеменді ел тарихы үлесін­дегі аз уақытта үлкен сындардан сү­рінбей өтіп, өзінің құқықтық құн­дылығын жоғары дәрежеде дә­лелдей білді.

       Біздің Конституциямыз мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Дала заңынан бастау алған бұл құжат мемлекеттегі ең қымбат қазынасы адам және оның құқығы мен бостандығы деуімен де жанымызға жақын. Ата заңда адам өмірі мемлекеттің негізгі байлығы саналған соң елдегі заңнамалардың да ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталып, халықтың игілігі үшін жасалатыны түсінікті. Биыл Ата Заңымыз Конституция күніне 30 жыл толуына орай елімізде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.

       Ата Заңымыз анық­тап берген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеумет­тік мемлекетімізде татулық пен бірлік, бейбітшілік пен тұрақтылық, болып, көк байрағы­мыз әрқашан желбірей берсін.

Related posts