Отбасы және балалар құқығын қорғау басты міндетіміз

Б.Абубакирова
Байқоңыр қалалық сотының судьясы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қос заңға қол қойды.

Өзгерістер мен толықтырулар негізінен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтармен байланысты құқық бұзушылықтар, қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатайтуға бағытталған. Мұндай қатаң шаралар қабылдауға кейінгі кезеңде қоғамда жиі тіркелген түрлі келеңсіздік, тіпті жан түршігерлік оқиғалар түрткі болды. Отанымыздың бастау бұлағы сынды отбасылардағы қауға тиген өрттей өршіп тұрған ұрыс-керіс, дау-жанжал, әйел-аналарды аяусыз ұрып-соғу, кемсіту, қорлау, оны көріп-біліп өскен балалардың аянышты ахуалы арнадан асып, асқынып кетті, қоғамда төзбеушілік жағдай туғызды. Бүкіл жан біткенді ашындырған, халық болып айыптаған күлбілтелі тақырыпқа айналды. Көзі қарақты көпшілік, есті-басты азаматтар, зиялы қауым өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында, түрлі пікірталас алаңдарында ашына айтып, ашық талқыға салды. Соның бәрі тоғыса ке­ліп, отбасылық, тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты заң­дар­ды қа­тайтуға, кінәлілерді жаза­лау­ды күшейтуге бастамашы болды.

Бұл бүкілхалықтық маңызды мәселе­ні әрдайым жіті назарында ұстаған Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің дәстүрлі Жолдауларында әйел құқығына, бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхба­тында: «Мен Заң және Тәртіп қағи­датын нығайтуды жақтаймын, отбасы­лық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лық үшін жазаны қатаңдатуды қолдай­мын. Басты міндетіміз – әйелдер мен ба­лалар құқығын қорғау» деп, қоғам­дағы әйелдердің гендерлік теңдігі құқық­тық, саяси және экономикалық мүмкін­діктермен өлшенетінін қадап айтты.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тінше, Қазақстанда 10 260 057 әйел тұрады. Бір өкініштісі, басым көп­шілігінің қауіпсіздігі қалыпты сақтал­маған, құқығы жеткілікті қорғалмаған. Кез келген қорлыққа төзуге бар көн­біс әйелдер тіпті өз беттерінше түр­лі ұйым құрып, өз-өздерін қорғау­ға мәжбүр болған да жағдайлар ұшыра­сады. Көп жағдайда отбасы, ошақ қасындағы зорлық-зомбылыққа алдымен ұшырайтын әйелдердің даусы құзырлы билікке уақытында жетпейтінін осы жайттан да айқын көруге болады. Жыл сайын ел бойынша жүздеген әйел күйеуі немесе басқа туысқандарынан зорлық, қорлық көріп, отбасынан қашып, көлденең көмек пен басқа бас­пана іздеп кетіп жатады. Мұндай отбасыда тәрбиеленіп жатқан балалардың дәрменсіздігі, қамқорсыздығы өзінен-өзі түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, әйел құқығы, бала қауіпсіздігіне қатысты мәсе­лелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен заң жобасы айналысқа шыққалы бері барша қоғам, көпшілік қауым бұл маңызды мәселені қызу талқылады. Әйел теңдігі орныққанын, қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу­шілік ахуалын қалыптастыру қажеттігін ашып айтты, жеріне жеткізіп жазды. Құқық қорғау органдарының мәліме­тінше, кейінгі 5 жылда тұрмыстағы зор­лық-зомбылықтың, денсаулыққа қаса­қана ауыр зақым келтірудің дерек­тері 2 есе өскен. Ал орташа зақым кел­тіру 6 есе артқан. Ресми деректерден шығатын қорытынды – елімізде ақыл­сыз еркектің әйелінің бет-аузын кө­гер­тіп қоюы былай тұрып, қолын, ая­ғын сындыруы «қалыпты» көрініске ай­нал­ған. Тіпті әйелге көрсетілген қы­сым­нан бөлек, бала-шағасымен қосып саба­ған да жағдайлар жиілеп кеткен. Құзырлы органдар әйелге қатысты зор­лық-зомбылықтың орын алуына көп жағ­дай­да үйдегі ер-азаматтың ішімдікке салынуы, жұмыссыздығы, маскүнемдік әрі құмар ойынға тәуелділігі әсер ететінін айтады. Тегінде, санамалай берсе, отбасы проблемасы жетіп артылады. Енді, міне, соның бәріне тәртіптік үлгіде тосқауыл қоятын, құқықтық негізде реттейтін жаңа заң тармақтары қабылданып отыр. Бұл заңды бүкіл қоғам айрықша ықыласпен қабыл алды. Жаңа заң бүкіл тыныс-тір­шіліктің алтын ұясы – отбасы, отауларды көлеңкелі көріністерден арылтуға, отбасы институтын жоғары, заманауи талаптар деңгейінде дамы­туға, нығайтуға бағытталған салиқалы, салмақты құжат болады деп сенім артады, үміт етеді.

Жаңа заң бойынша тұр­мыстық жанжал шығар­ғандар ендігі жерде заң­мен жазаланады. Әйелдерге немесе бала­ларға дене жарақатын келтіргендер қыл­мыстық жазаға тартылады. Жағдай қайталанса, сот жәбірлеушіге қатысты шараны күшейтеді. Заң жобасының тағы бір бағыты – бала қауіпсіздігі.

Енді педофильдер мен бала өмірін қиғандар өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған немесе мүгедектігі бар балаларды орналастыратын арнайы мекемелерді мемлекеттік орган өкілдері ескертусіз тексеруге мүмкіндік алады.

Көптен күткен заңның қабылдануы қоғамның қаншалықты пісіп-жетілгенін, алдағы уақытта қандай да болсын зор­лық-зомбылыққа төзбейтінін, мұндай мазмұндағы кез келген оқиғаны қабыл­дамайтынын айқын көрсетті. Енді көп болып осы заңның бұлжымай орында­луына, отбасыдағы бірлік-берекенің, ырыс-ынтымақтың нығаюына бір кісі­дей білек сыбанып, атсалысуымыз ке­рек. «Отан отбасынан басталады». Қар­­ға тамырлы халқымыз қашанда отба­сы­лық құндылықтарды жоғары қой­ған. Ер-азамат – отбасының тірегі, қор­ғау­­шысы, басты тұлғасы, әйел-ана – шаңырақ­тың шырайы, берекесі, ал балалар, өске­лең ұрпақ – өміріміздің жалғасы, тір­шілі­гіміздің тірегі. Сол тұрғыда ардақ­ты асыл аналарымыздың жүздері жарқын болуы, балаларымыздың алаңсыз өмір сүруі баршамызға ортақ сын, жауапкер­шілік екенін дәйім жадымызда ұстасақ екен.

Related posts