Ел тірегі — Конституцияға 30 жыл!

Тәуелсіздіктің мызғымас мұрасы, бағалы құндылығы саналған Ата Заңымыз ел еңсесін тіктеуге, ел іргесін бекітуге айрықша ықпалын тигізді. Елімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Ата Заң барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы — Конституция қабылданды. Еліміздің Конституциясы –бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ата Заң – бейбітшілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын даңғыл жол. Тоғыз бөлімнен тұратын Ата Заңда еліміздің азаматтарына толық жағдай жасалған.  

Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. 

   ​Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізігі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмытылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет заңнамасында бекітілген жеке тұлғаның құқығын жүзеге асыру мен қорғаудың тиімді механизмін құруды болжайды. Адам құқығы, оны сақтау мен кепілдік беру бүгінгі таңдағы маңызды мəселелердің бірі. Ата Заңымыз егеменді ел тарихы үлесіндегі аз уақытта үлкен сындардан сүрінбей өтіп, өзінің құқықтық құндылығын жоғары дәрежеде дәлелдей білді.

      Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Ата заңда адам өмірі мемлекеттің негізгі байлығы саналған соң елдегі заңнамалардың да ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталып, халықтың игілігі үшін жасалатыны түсінікті. Биыл Конституция күніне 30 жыл толуына орай елімізде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.

      Конституция анықтап берген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетімізде татулық пен бірлік, бейбітшілік пен тұрақтылық, болып, көк байрағымыз әрқашанжелбірей берсін. 

Т.Тілеп

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы                                                      

Related posts