Бірнеше жыл бұрын «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Мұндағы басты жаңалық – эксаумақтық соттылықты енгізу.
Жалпы бұл сот жүйесіндегі соңғы жаңашылдықтардың бірі десе де болады. Себебі азаматтық процестік кодекстен орын алған бұл ұғым азаматтық іс жүргізу заңдылығын барынша жетілдіруге негізделген.
Эксаумақтық соттылыққа байланысты шешім істі сот талқылауына дайындық кезінде қабылдануы тиіс. Бұл жайында азаматтық процестік кодекстің 32-бабында айқын көрсетілген.
Енді «Бұл норма қалай жүзеге асады?» деген заңды сауал туындайды. Жоғарыдағы заңдық норманы жүзеге асыру механизмі Жоғарғы Сот тарапынан жасалған алгоритмге сәйкес болуы тиіс. Сондай-ақ сот талқылауына дайындық кезінде азаматтық істі қос тараптың келісімімен еліміздің басқа да аймағындағы соттың қарауына ұсынуға болады. Мұнда айта кететін тағы бір мәселе бар, тек бұл сот дәл осындай істерді қарауы керек.
Судья бірінші кезекте істі сот талқылауға дайындау барысында тараптарға эксаумақтық соттылықтың мәнін, оны қолданудың тәртібін түсіндіреді. Егер тараптар істің эксаумақтық соттылық тәртібінде қаралғанын қаласа, бұл туралы істі қарағанға дейін өтініш беруге болады. Себебі өтініш түскен жағдайда ғана іс эксаумақтық соттылықты анықтау үшін ақпараттық жүйенің көмегімен автоматты түрде бір сотқа бөлінеді. Бұл жұмысты «Төрелік» ақпараттық жүйесі бірден қабылдап, жүктемесі аз, дәл осындай істерді қарау құзыретіне кіретін соттарға бағыттайды. Осыдан кейін судья өндірістегі істің эксаумақтық соттылық бойынша қайда бөлінгені туралы бірден анықтама дайындайды. Электрондық іс сол күні электрондық қолтаңбамен ақпараттық жүйе таңдаған сотқа жіберіледі.
Жалпы еліміздің сот жүйесіне мұндай жаңалық неге қажет?» деген сауал туындауы мүмкін. Мұндай жаңашылдық шындығында азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтады. Өйткені бұл соттағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды.
Бұл норма «бұратартуға» жол бермейді. «Неге?» десеңіз, азаматтардың эксаумақтық соттылықты таңдауы, соған орай істі қай соттың қарайтынын электрондық жүйе арқылы автоматты түрде бөлу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоядыц. Мұнан кейін халықтың сотқа деген сенімі артатыны айтпаса да түсінікті. Өйткені істің өздері білмейтін аймақта, даудан хабары жоқ судьяның қарайтынын білу тараптардың әділдікке деген сенімін еселейді. Бұл Шымкент, Астана, Алматы сияқты ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы жүктемені айтарлықтай жеңілдетеді. Есесіне ірі соттардағы судьялардың ауыр әрі күрделі істерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік туады.
Жалпы экстерриториялық соттылық 2022 жылы 1 тамызда енгізілді. Бұл норманың тиімділігін айта берсек, тарқатып жазар дүние көп. Мәселен, бұл бір жағынан уақыт пен шығынды айтарлықтай үнемдейді. Қазір істердің көбісі онлайн өтіп жатыр десе де болады. Бізде оған мүмкіндік те жоқ емес, яғни еліміздің ІТ-жүйесі оған дайын. Тағы бір тиімділігі бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Егер қос тараптың бірінде немесе екеуінде де жергілікті соттың әділдігіне күмән болса, бұл жүйеде істі кез келген өңірдің сотында қаратуына мүмкіндік алады.
М.Ш. Ибрашев
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы