Жауапты өндіріс: жаһандық тренд және Қазақстан үшін маңызы

Амангельдиева Б.А.,
PhD, кіші ғылыми қызметкер, AP19576593 жобасы

Қазіргі таңда әлем елдері экономикалық өсуді қоршаған орта мен қоғам игілігімен үйлестірудің жаңа жолдарын іздеуде. Бұл бағытта жауапты өндіріс тұжырымдамасы ерекше мәнге ие. Ол өндіріс үдерісінде экологиялық, әлеуметтік және этикалық қағидаттарды сақтай отырып, ұзақмерзімді тұрақтылыққа қол жеткізуді көздейді. Яғни, кәсіпорын тек пайда табумен шектелмей, табиғатты қорғау мен қоғам алдындағы жауапкершілікті қатар ұстануы тиіс.

Жауапты өндіріс идеясы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 12-мақсаты — «Жауапты тұтыну және өндіріс» қағидасымен тығыз байланысты. Бұл мақсатқа жету үшін елдер өндірістік процестерін экологиялық қауіпсіз, энергия жағынан тиімді және қалдықсыз етуге бағытталған реформалар енгізіп жатыр.

Әлемдік трендтерге назар аударсақ, көптеген дамыған мемлекеттерде корпоративтік секторда «жасыл» технологиялар, қайта өңдеу жүйелері және көміртекті бейтараптық саясаты белсенді дамып келеді. Мысалы, Еуропалық Одақ 2030 жылға қарай өнеркәсіп шығарындыларын 55%-ға қысқартуды көздейтін «Жасыл келісім» стратегиясын жүзеге асыруда. Жапония мен Оңтүстік Корея «таза өндіріс» стандарттарын енгізіп, кәсіпорындарға экологиялық менеджмент сертификаттарын (ISO 14001) міндеттеп отыр. АҚШ-та IBM және Tesla сияқты ірі компаниялар көмірқышқыл газын азайту, энергия тиімділігін арттыру және қайта өңдеу жобаларына миллиардтаған доллар инвестиция құюда.

Бұл жаһандық үрдістер Қазақстан үшін де өзекті. Еліміз табиғи ресурстарға бай болғанымен, өндіріс секторының экологиялық ізі айтарлықтай жоғары. Мысалға алатын болсақ, СО2 шығарындылары 2022 жылы 274,35 млн.тоннаға жетті. Сондықтан жауапты өндірісті дамыту — экономиканы жаңғыртудың және тұрақты дамуға өтудің басты шарттарының бірі. Қазақстанда соңғы жылдары «Жасыл экономика» тұжырымдамасы, Экологиялық Кодекс пен ESG қағидаттары негізінде кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бұл үрдіс елдің жаһандық трендтерге бейімделіп, халықаралық нарықтарда өз позициясын нығайтуына мүмкіндік береді.

Демек, жауапты өндіріс — тек экологиялық міндет немесе уақытша танымал тренд емес, ол елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық бағыт. Және де осы бағытқа қарай ұмтылу — әрқайсысымыздың парызымыз.

Related posts