Конституция — мемлекетіміздің құқықтық негізі

Гульсина Амандыққызы Сайджаппарова
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы

Конституция — кез келген мемлекеттегі ең жоғары заңдық күші бар, қоғам мен мемлекеттің құрылымын айқындайтын негізгі құқықтық құжат.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, қоғам өмірінің барлық салаларына бағыт-бағдар беретін басты құқықтық құжат. Ол елдің саяси жүйесін, мемлекеттік құрылымын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындай отырып, заңдылық пен қоғамдық тәртіптің берік негізін қалыптастырады. Сондықтан Конституцияны тек жоғары заңдық күші бар акт ретінде ғана емес, тұрақтылық пен өркениетті дамудың кепілі ретінде қарастыру орынды.
Құқықтық мемлекет құру жолында заңдардың жүйелілігі мен бірізділігі үлкен маңызға ие.Конституция құқықтық жүйеде басшылық рөл атқарады және қоғамдық қатынастарды реттеудің негізгі қайнар көзі болып саналады. Оның нормалары бүкіл мемлекеттік аппарат қызметінің заңдылығын қамтамасыз етеді.
Конституцияның басты құндылығы-адам және оның құқықтары. Негізгі заңымызда әрбір азаматтың заң алдында тең екені, оның жеке басы, ар-ождан, сөз және діни сенім бостандығы, еңбек ету және білім алу құқықтары қорғалатыны айқын жазылған. Бұл құқықтық нормалар азаматтардың өмірінің барлық саласында еркін әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасайды.
Қоғамдағы заңдылық пен тәртіптің деңгейі азаматтардың Конституцияға деген құрметімен тікелей байланысты. Әрбір адам өз құқықтары мен міндеттерін біліп, Конституция нормаларын сақтаған жағдайда ғана құқықтық мәдениет қалыптасады, заң бұзушылықтар азаяды. Сондықтан Конституцияның мазмұнын түсіндіру, құқықтық ағарту жұмыстарын күшейту — қоғамдық тәртіпті нығайтатын маңызды қадам.

Related posts