Гендерлік саясат дегеніміз – қоғам өмірінің барлық аясында ерлер мен әйелдерге тең мүмкіндіктерді қалыптастыру. Қазақстан Республикасының Конституциясында ерлер мен әйелдер үшін тең құқықтар мен бостандықтарға кепілдік берілген.
Қазақстан Республикасы 1998 жылы 29 маусымда Әйелдердi кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қосылды. Ал, 2006 жылы 1 ақпанда Президенттің жарлығымен ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктерінің теңгерімін қамтамасыз ету үшін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. Комиссия отбасы және гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі халықаралық шарттардың аясында отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты басымдықтарды айқындау, сондай-ақ кешендік мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі ұстанымдарды тұжырымдайды.
Сонымен қатар, 2009 жылдың 8 желтоқсанында «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Осы заң ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдікке жағдай жасауға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейді. Аталған заңда ерлер мен әйелдердің мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуінің кепілдіктері, еңбек қатынастары саласындағы тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге жұмыс берушілердің қатысуы, неке-отбасы қатынастарындағы және бала тәрбиесіндегі құқықтары мен міндеттерінің гендерлік теңдігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің кепілдіктері қарастырылған.
Қазіргі таңда еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттары 2016 жылы 6 желтоқсанда ҚР Президентінің жарлығымен бекітілген «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасымен» айқындалған. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстан Республикасында гендерлік саясатты іске асыру: жынысына қарамастан барлық экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық және саяси құқықтарды тең пайдалануды қамтамасыз ету, жыныс белгісі бойынша кемсітушілікке жол бермеу, гендерлік өзін-өзі тануды қалыптастыру және қоғамдағы гендерлік стереотиптер мен алалаушылықтарды жою, гендерлік зорлық-зомбылықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік, қауіпсіздікті қолдау және бейбітшілікті нығайтуға жәрдемдесу жөніндегі барлық күш-жігерге екі жыныс өкілдерінің тең құқылы қатысуы қағидаттарында жүзеге асырылады.
Осылайша, гендерлік саясатты іске асыру арқылы гендерлік стереотиптер мен алалаушылықтарды жою, яғни әрбір адамның қоғам өміріне кедергісіз белсенді қатысуын, саяси, мәдени, экономикалық құқықтарын тең жүзеге асыруын қамтамасыз ету.
Н.Жаңабергенқызы
Қызылорда қалалық сотының судьясы