Ардагер азаматтар арасында турнир өтті

Бүгін облыстық қоғамдық даму басқармасының «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран» әлеуметтік жобасы аясында «Асыл Мұра — Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ардагер азаматтар арасында тастаяқ турнирі өткізілді. Батырларға құрмет көрсетіп, ерлігін елге насихаттау арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ерлігімен елге танылған алдыңғы буын ардагерлер арасында ұйымдастырылған сайысқа 20-ға жуық ардагер қатысты. Шаршы тақтада шар қуғандар арасында ҮЕҰ-дың ардагерлер өкілдері, Ардагерлер одағының «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің, Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісімшарты әскерінің тобы ардагерлері (ГКӘТ, ВКӘТ)» РҚБ облыстық филиалының, «Қызылорда облысы бойынша Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан, қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің, «Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылары мен мүгедектері» аймақтық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының ардагерлері де бар. Арнайы ұйымдастырылған сайыста ардагерлер тастаяқ ойынынан сынға түсіп ғана қоймай, тактикасы мен стратегиясын дөп есептегеп, межелі нәтижеге қол жеткізгендер бағалы сыйлықтарға ие болды.

Қоғам өмірімен біте қайнасып, әлеуметтік мәселеде белсенділік танытып жүрген ардагерлер бұл жолы көз мергендігінен сынға түсті. Кезінде қару ұстап, ел қорғаған батырлар бұл жолы қолдарына кии мен шар алды. Жеребе тартып, топқа бөлінді. Сөйтіп сұрмергендер үстелдегі тасты ептілікпен бірінен соң бірін нысанаға дәлдікпен тоғытты.

Дәлдік пен ептілікті талап ететін сайысқа қатысқан ардагерлер өз кезегінде мұндай басқосулардың азаматтық қоғам белсенділерінің достық байланысын нығайтып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауына мұрындық болатынын айтуда.

Жарыс қорытындысымен ерекше көзге түсіп, қарсыластарына қара салдырмаған ардагерлерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Басқосу арнайы жайылған ақ дастарханға ұласып, ардагерлер қауқылдасып, мәре-сәре күй кешті.

Related posts