
Құрметті әріптестер!
Сіздерді «Әлеуметтік сала қызметкерлері күні» кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Адами ізгі қасиеттерді талап ететін салмағы ауыр да қиын салада қоғамның әлсіз топ өкілдеріне барынша көмек қолын созып, жүрек жылуын ұсынып, өмірлік қиын жағдайға душар болған азаматтарға қажетті қолдау беріп, еңсесін тіктеуде оларға болашаққа деген үміт сыйлап халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірдей болған әлеуметтік сала қызметкерлері өз міндеттеріңізді жауапкершілікпен орындап жүрсіздер.
Әлеуметтік салада әртүрлі мамандық иелері жұмыс жасап жүргенімен, оларды біріктіретін ортақ нәрсе – жүрек жылуы. Расында, қоғамымыздың, өміріміздің тұрақтылығы мен әл-ауқаты көп жағдайда халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейіне, әлеуметтік кепілдіктерге байланысты болса, оның жүзеге асуы әлеуметтік қорғау жүйесінің мамандарымен тікелей байланысты.
Өзім осы салада 25 жылдан астам жұмыс жасау барысында осы саланың өңірімізде қалыптасып, дамуына, қиын-қыстау кезеңдерде саланың ыстық-суығына төзіп, жұмыстың дұрыс жүруіне зор үлес қосқан Маселеева Майдан Аяшқызы , Генадий Васильевич Максин, Аширова Сара Әбсұлтанқызы, Көшекова Алтын Сағатқызы, Жумабаев Алмат Дастанұлы, Есқараева Алтын Итенқызы т.б сол кезеңдегі әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақылардың төленуіне, халықтың әлеуметтік әл — ауқатының дамуына зор үлес қосқанын атап айта аламын. Талсуат ауылдық окуругінде заманауи үлгідегі үш әлеуметтік нысанның бой көтеруі жоғарыда аталған ардагерлердің қажырлы еңбегінің арқасында деп білемін.
Сіздердің еңбектеріңіз еліміздегі әлеуметтік саясатты оңтайлы жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Бұл да адам құқықтары мен қоғамдық тұрақтылықтың сақталуының бір көрінісі. Аталған саланың басты құндылығы – кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген қызметкерлердің көмекке зәру қарттарға, жетімдер мен мүгедектерге, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созуға әрқашан әзір болуы. Қажырлы еңбектеріңіз, кең жүректеріңіз, өзгенің қайғысына көз жұмып қарай алмайтын адалдықтарыңыз, ақжүректіліктеріңіз үшін асқан жауапкершілік пен ерекше жігерді қажет ететін салада қызмет етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, күрделі салада тынбай табанды еткен еңбектеріңізге зор ризашылығымды білдіремін!
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін! Әрқашан аман-сау болып, өздеріңіз жүректерінде сенім отын жаққан жандардың да ғұмыры ұзақ, өмірі шуақты болсын.