Қорық аумағын қорғау және тәуліктік кезекшіліктің маңызы

Мемлекеттік табиғи қорық – табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның қызметінің мақсаты – өзінің аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін, өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлері мен қауымдастықтарының, әдеттегі және бірегей экологиялық жүйелерді сақтау мен зерттеу және оларды қалпына келтіру болып табылады.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының жалпы көлемі 163126 гектарды алып жатыр, ал күзет аймағы – 52160,54 га құрайды. Қорық 3 кластерлік учаскеден құралған: «Барсакелмес», «Қасқақұлан» және сулы-батпақты «Дельта» учаскелері.

Қорықтың күзет қызметін 15 мемлекеттік инспекторлар жүргізеді. Қорық режимін күзету және табиғи  кешендерді қорғауды тиімді іске асыру үшін функционалдық аймақтарға бөлуге сәйкес қорық аумағы 11 бақылау-шолу аумақтарына бөлінген. Қорықта күзеттің бәсең және белсенді әдістері қолданылады. Белсенді күзетте мемлекеттік инспекторлар, ал өрт қауіпті кезеңде өрт сөндіруші қарауылдар да тәуліктік кезекшілікке тұрады, сонымен қатар, инспекторлар бекітілген аумақтарына бақылау жүргізіп, бақылау мұнараларынан жалпы аумақты байқайды. Сондай-ақ,  белсенді күзет жүйесіне құрамында директордың бір орынбасары немесе күзет қызметі бөлімінің басшысы, 2-3 мемлекеттік инспекторлар болатын орталық оперативтік топ кіреді. Бұл топ қорық аумағы мен күзет аймағындағы қорық режимінің жай-күйін ғана бақылап қоймай, аумақты күзету бойынша мемлекеттік инспекторлардың міндеттемелерін атқаруын да тексереді.

Қорық режимін қамтамасыз ету күзет бөлімі инспекторларының ауысымдық кезекшілігі арқылы іске асырылады. Қорық режимін бұзушылармен жұмысты күшейту мақсатында қорық аумағында патрульді-рейдтік топ рейдтерге шығады. 10 күн бойы инспекторлар ауысымдық болып, уақыты аяқталысымен келесі инспекторлар тобына өткізеді.

Күзет қызметі бөлімінің жұмысы сонымен қатар, жергілікті халықпен қатынасқа да байланысты. Мемлекеттік инспекторлар табиғат қорғау заңнамалары мен қаскерлік жасау кезіндегі құқықтық жауапкершілік тақырыптарына дәрістер оқиды, сондай-ақ, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрін сақтап қалу қажеттілігі туралы әңгімелесулар жүргізеді.

Осы орайда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың болашақ ұрпақтарға маңызы зор екендігін ескере келе, осы іске барлық адамзат біріге атсалысқаны жөн. Қазақстанның қорықтары мен ұлттық парктерінің болашағы біздің қолымызда. Оларды сақтап қалу – біздің парызымыз әрі міндетіміз! Бұл әр адамға да мақтанарлықтай іс.

Ғ. Базарбаев
Барсакелмес МТҚ
күзет бөлімінің басшысы

Related posts