Ана мен бала құқығы – бақытты елдің кепілі

Маржан Ақынбек
Қызылорда қалалық сотының судьясы

Елімізде ана мен баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекетіміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып саналады. Себебі, мемлекеттің ең басты қазынасы – адам екендігі Қонституцияда анық жазылған. Сонымен қатар, балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі болғандықтан, олардың құқығы қорғалуы тиіс.

Қазақстан аумағында балаларды тәрбиелеудегі қатынастарды реттеуде  – Қазақстан Республикасы Азаматтық-процестік кодексін, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексін, «Бала құқықтары туралы» Заңын басшылыққа алады. Аталған нормативтік құқықтық актілерде балалардың әлеуметтік және материалдық құқықтары анықталған.

Бұл заңда балалар мүддесіндегі мемлекеттік саясат мақсаттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері жазылды. Баланың отбасындағы қарым-қатынасына, бала мен қоғамға, мүгедек баланың құқықтарына және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарына бөлек тараулар арналған.

Мемлекеттік саясаттың балалар мүддесі үшін балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу, құқықтары бұзылған жағдайда қалпына келтіру, бала құқықтары кепілдіктерінің құқықтық негіздерін қалыптастыру және балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани және өнегелік жағынан дамуына жәрдемдесу сияқты негізгі мақсаттарды айқындаған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуалға алаңдаушылық тудырып, отбасындағы балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі өзекті екенін атап өтті.

Аналардың құқықтарын қорғау назардан тыс қалған емес. Еліміздегі гендерлік стратегия, жүктілік пен босану, еңбек демалысына әлеуметтік қолдау, құқықтық және медициналық көмек, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтары іске асырылуда.

Бүгінгі зайырлы, құқықтық мемлкетімізде аналардың сапалы білім алып, түрлі салада қызмет жасап, мансаптық тұрғыда көтерілуіне, балалардың тегін білім алу құқығын ешкім де шектей алмайды.

Отбасында баланың өміріне ең бірінші жауапты тұлға – әке мен ана, кез-келген ата-ана өмірге әкелген баланың өмірі мен денсаулығына, қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Алайда, неке бұзылған жағдайда, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті және ерлі-зайыптылардың біреуі бұрынғы жұбайынан алименттер өндіріп алуға талап қою арызымен сотқа жүгінуге болады.

 «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 147-бабында, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі күтіп-бағу жөніндегі міндеттері белгіленген. Яғни, отбасындағы ерлі-зайыптылар бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға міндетті. Егер мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлі-зайыптылардың арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда, жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы зайыбы,  еңбекке жарамсыз мұқтаж немесе мүгедектігі бар ортақ баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар  ортақ баланы асырап-бағу үшін алимент төлеуге қажетті қаражаты бар екінші жұбайынан сот тәртібімен алимент беруді талап етуге құқығы бар. Бұл кодекстің талабы бұрынғы жұбайдың неке бұзылғаннан кейін алимент алуға құқығына да қатысты.

         Өкінішке қарай, некені бұзу туралы азаматтық істердің қаралуы тек қоғамға ғана емес, отбасындағы балаға да теріс әсер етеді. Осыған байланысты отбасын сақтауға бағытталған жаңа тетіктерді құру қажеттілігі туындайды.         Қазақ елі әр-қашан да отбасы мәселесін жоғары қойған, оның қоғамдағы рольінің, ұлт мәдениетінің және  санасының дамуына  қосатын үлесінің зор екендігін назарына ұстаған.

Related posts