Суықтан сақтан

Ділдахметова Наргиз Бейішбекқызы
Қызылорда Теміржол емханасының медбикесі

Беттен өткен суықтың дәті жаман болады дейтінді үлкендер. Ол айтып отырғанының бірі әрі жиі кездесетіні мұрын ауруы синусит немесе гайморит деген кесел ғой. Бұл бір бір қарағанда пысылдап, ентіктіріп жүре беретін ауру болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл да өте қатерлі дерттердің бірі. Мұны медицинада төртке бөліп қарастырады. Олар: жоғарғы жақ, маңдай, этмоидит және сфеноидитты деп аталады.

Бірінші аталған жоғарғы жақ синуситы – гайморит дерті деп аталады. Бүгінгі таңда гайморит мазалайтын науқастар саны аз емес. Қарапайым адамдар дерттің белгілерін өзге инфекциялық аурулармен көбірек шатастырады. Себебі, алдымен науқастың мұрны бітіп, тыныс алуы қиындайды. Мұрынның тұсы жағымсыз күйде ауырсынып, оның қуысынан ақшыл түсті, іріңді сұйықтықтар бөлінеді. Сырқаттың тамаққа тәбеті болмайды. Ұйқысы қашады. Тез шаршап, дене қызуы 38 С-қа дейін көтеріледі. Бұл гайморит дертінің белгілері. Созылмалы гайморитте дене қызуы көтерілмейді, және адамныңкөзі жасаурап, иіс сезуі нашарлайды. Қалтырап, тоңып, беті ісінеді. Басы алға қарай еңкейгенде солқылдап ауырып, әлсірейді. Дерт әсіресе таңертең және кешке қозады.

Мұндай жағдайды сезінсеңіз «Маған салқын тиген ғой» деп не түрлі ем дом жасап, өздігіңізден шара қолданбаңыз. Өйткені сіз өзге аурудың емін жасаймын деп керісінше оны асқындырып алуыңыз кәдік. Ал, ол асқынса кеңсірікке түскен ірің миға шабады.

Дерттің пайда болуына инфекция мен бактериялардан бөлек экологиялық жағдай да септеседі. Өйткені, адамның денсаулығы оның қандай ауаны жұтып, қандай азықтармен тамақтанатына қатысты ғой.

Ал, тікелей пайда болуы инфекциядан. Яғни бактерия немесе инфекциялар мұрынның қосалқы қуысы арқылы еніп, қанға араласады да, қабыну процестері басталады. Егер иммунитет әлсіз болса, мұндай вирустармен ағза күресе алмайды. Нәтижесінде дертке жол беріледі. Тұмау, қызамық, қызылша секілді инфекциялық аурулар, сонымен қатар тісті емдемегеннің салдары гаймориттің пайда болуына себеп. Егер созылмалы гайморит дер кезінде емделмесе, көз, көз айналасы ауруларына, бас сүйек ішіндегі ауруларға әкеп соғуы мумкін. Тіпті кейде бұндай асқынулар адам өміріне де қауіп төндіреді.

Сол үшін не істеу керек? Бұнымен күресу үшін ең бірінші дұрыс тамақтану, ауру қозатын уақыттарда күтіну, сақтану керек. Ауыз қуысы мен мұрын қуысындағы тазалақ та, тіс тазалығы да өте маңызды. Ең бірінші жас балалардың қыстық суығында бас киімсіз жүрмеуін қадағалау керек. Өйткені бірден бір себепкер осы суық болмақ.

Бұл кесел өзге келселдерді асқындаратыны да ескен болуы шарт. Сондықтан үнемі сақтанып, қорғанып жүруге тиіспіз. Егер қандайда бір мазасыздық білінсе дәрігерге көрінуіміз керек. Өйткені бұл созылмалы болып, жайлап дендей береді. Ауруды алдын алса асқынбайды демекші өз денсаулығыңызға назар салып жүріңіз.

Related posts