Облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысына сәйкес «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған ақпараттық-ресурс орталығы жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында ү.ж. 29-30 шілде күні Шиелі, Сырдария аудандарында «ҮЕҰ мен еріктілер — қоғамның қозғаушы күші» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел модераторы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ — ның жобаларды басқару департаментінің бас менеджері Айтмамбетова Айжан “Үкіметтік емес ұйымдар — үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтін, әдетте қоғамдағы маңызды мәселерді алдыға шығарып, оларды шешуге ұмтылған еріктілер тобы құрған бейкоммерциялық ұйымдар. Бұл ұйымдар жергілікті, ұлттық және дүниежүзілік деңгейде құрыла алады. Үкіметтік емес ұйымдарға ортақ адам құқықтары мен қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ басқа да қоғамдық мәселерді шешуге ұмтылған ұйымдар жатады” деп өз сөзін аяқтап, сөз кезегін Қызылорда облысының «Волонтерлар фронт – офис» жетекшісі Айтбенбетов Болатбек Серикбайұлына берді. Б. Серікбайұлы өз кезегінде: “Қоғамда қандай жұмыстар жасалмасын, қандай іс-шаралар өткізілмесін, оларды ұйымдастырушы, жүзеге асырушы қарапайым ғана адамдар. Бірінші кезекте, қоршаған орта мен қоғамға жаңа игі өзгерістер әкелуді қалайтындар, өздерінің сол ортаның мүшесі екендігін сезіне отырып жақсылық жасаушылар. Сонымен қатар жасаған жақсылығы мен атқарған жұмысы үшін ақы сұрамайтын жандар. Осылардың барлығын бір арнаға тоғыстырсақ қазіргі күні ҮЕҰ-дар және «Ерікті» деп аталатын мамандық иесі, қоғам мүшелеріне лайықты аттың иелерін көреміз. Дамыған азаматтық қоғамсыз, атап айтқанда үкіметтік емес ұйымдарсыз (ҮЕҰ) елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы мүмкін емес. Осыған дейінгі оқиғалар мен тәжірибе азаматтық белсенділер, ҮЕҰ әрдайым қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғап, халықтың ең өзекті мәселелерін шешуге ұмтылатынын талай рет көрсетті. ҮЕҰ мен бүкіл азаматтық қоғам қызметінің кең таралған түрінің бірі – волонтерлік, яғни қазақстандықтардың қанына сіңген ерікті қызмет. Волонтерлікті дамыту бағытында жұмыс істей отырып, қоғамда мейірімді және жауапкершілігі жоғары адамдар көбейіп келе жатқанын байқаймын” — деді сөз кезегінде.
Шара барысында ҮЕҰ мақсат, міндеттері мен жауапкершілігі туралы ақпараттар берілді және кері байланыс ретінде жастар, аудандық азаматтық қоғам өкілдері, бастамашыл топ өкілдері тараптарынан пікірлер айтылды.

