
Сот жүйесіндегі негізгі тұлға судья болып табылады. Қалыптасқан тәртіп бойынша бүгінде елімізде судьялыққа үміткерлер барынша қатаң таңдау, бірнеше сатылы іріктеуден өткізіледі. Жауапкершілігі мол қызметке тек мықты деген азаматтар ғана судья қызметіне тағайындалады.
Біздің елімізде судьялық қызметте ер адамдармен қатар, нәзік жанды әйелдер де қызмет атқаруда. Сондай жандардың бірі – Қызылорда облысының Байқоңыр қалалық сотының судьясы Шевцова Елена Евгеньевна. Өзінің табандылығымен, жауапкершілігімен, білімімен жастарға үлгі бола білген Шевцова Елена Евгеньевна 1964 жылы 5 тамызда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында дүниеге келген. Елена Евгеньевна ағымдағы жылда 60 жас мерей жасына толды. Оңтүстік Қазақстан өңірлік гуманитарлық институтын бітірген.
Елена Евгеньевна 2004 жылдан бері Байқоңыр қалалық сотының судьясы қызметін атқарып келеді. Жұмыс барысында ол өзін өте жауапты, білікті, тәжірибелі, әділ судья екенін көрсете білді. Дауласып келген тараптарды бітімгершілікке шақырып, дауды татуласумен шешуге септігін тигізіп, азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіріп, әділ шешім шығарып, әділ сот төрелігін жүзеге асыруға елеулі үлесін қосып келеді.
Елена Евгеньевна өзінің әділетсүйгіштігімен, кәсібилігімен, қара қылды қақ жаратын шынайылығымен сот жүйесіндегі мықты судьялардың біріне айналды. Сондай алғырлығының нәтижесінде Елена Евгеньевна «Қазақстан Халқы Ассамблеясына – 20 жыл!», Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ІІІ дәрежелі «Мінесіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар, жоғары кәсіби біліктілігі үшін републикалық, облыстық, жергілікті деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болған.
Өзінің айтуынша, сот саласында қызмет етуді кішкентай кезінен бастап армандаған. Мектепті бітіргеннен кейін, ойланбастан «Заңтану» мамандығын таңдап, жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін өзінің мамандығымен қызмет етіп, судьялық лауазымға дейін жоғарылады. Елена Евгеньевна судья болу үшін алдымен ниет, білім мен төзімділік керек, — дейді. Себебі, өзі де қызмет барысында қандай қиындықтар кездессе де, ешқашан таңдаған мамандығына, жолына өкінбеген жан.
Қызмет барысындағы жауапкершілікті көтеріп, қызметтің ауырлығы мен қиындығына төзіп келе жатқан Елена Евгеньевна өмірде өте жайдарлы, мейірімді, адал жан. Жастарға бағыт беріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін беріп отырады. Елена Евгеньевна судьялық қызметімен қатар, өзінің отбасына да адал аяулы жар, асыл әже. Балаларын тәрбиелеп өсіріп, қазіргі таңда немере сүйіп отыр.
Елена Евгеньевна өмірде де, қызмет жолында да адалдықты ту етіп, жастарға үлгі болып келеді. Әрдайым осы бағытыңыздай таймай, қызметте абыройлы болып жүруіңізді шын жүректен тілейміз. 60 жас мерей тойыңыз құтты болсын!
Байқоңыр қалалық сотының баспасөз қызметі