Бүгін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының тапсырысына сәйкес, «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Азаматтық қоғам институты — мемлекет тұрақтылығы мен дамуының негізі» атты облыстық азаматтық форумының облыстық кезеңі өтті.
Форум бұл жолы Арал ауданы, Қамыстыбас ауылдық округінің «Қамбаш» лагерінде өткізіліп, оған Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, үкіметтік емес ұйым өкілдері және мемлекеттік органдардың 50-ден аса өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысып, азаматтық қоғамды дамытудың бірқатар өзекті мәселелерін талқылады.
Жиынның жалпы отырысына «Асыл Мұра-Орда» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Айтмамбетова Айжан Ерланқызы модераторлық етті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Азаматтық форум еліміздің басты демократиялық дәстүрлерінің бірі әрі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ашық пікір алысатын үнқатысу алаңы болып саналады. Ашық пікірлесу алаңына айналған форумда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Каюпов Руслан Мұхамедәліұлы сөз алып, аймағымыздағы азаматтық қоғам институтының даму барысы туралы және алдағы уақытта қоғамды дамыту бағытында
бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан барлық әлеуметтік жобалардың тақырыбы мен бағыты сараланып, маңыздылығына мән бере отырып, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе қазіргі заманның талабына сай жаңашыл әлеуметтік жобаларды енгізу бағытында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, азаматтық қоғам институттарына қолдау көрсету алдағы уақытта да өз жалғасын табатына тоқталып, бұл форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жүйелі жұмыс істеуіне жаңаша серпін беретінін де атап өтті.
Азаматтық қоғамның дамуы үшін қоғамдық ұйымдардың қосатын рөлі маңызды. Қоғамдағы салмақты мәселелерді шешілуіне үлестерін қосып жүрген қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар және билік институттары бас қосқан форумның негізгі мақсаты да қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі қолданбалы идеялар мен бастамаларды көтеріп, азаматтық белсенділермен бірлескен жұмыс жоспарын талқылау болды.
Сонымен қатар, форумда, қатысушылар арасында құнды ұсыныстар, өзара түсіністік пен қолдау, ашықтық пен азаматтық бағытында бірқатар сұхбат алаңдары құрылды. Атап айтқанда, «Қазалы жомарт» қоғамдық қорының төрағасы Табынбаев Есет Жұмабекұлы «Ауылдық үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасау тиімділігі» туралы және “Иман-2013” қоғамдық қорының атқарушы директоры Мұратбекова Айгүл Хасенқызы «Аудандық ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау» тақырыптарында ой қозғап, қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауаптарын берді.
Форум соңында 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай азаматтық қоғам өкілдеріне Алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталып, форум табиғат аясындағы демалысымен жалғасын тапты.
Форумда жолданған ұсыныстарды іске асыру бойынша алдғы уақытта қажетті шешімдер қабылданып, облыстағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасында іскерлік-әріптестік байланыс орнатылмақ.

