КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯЛАРЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ

Биыл Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес, “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы Конституциялық заңына толықтырулар енгізілген болатын. Осыған сәйкес келер жылы Кассациялық соттар құрылады. Кассациялық соттар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, олардың құқықтарын қорғауға оң әсер ететін болады. Ендеше осы соттардыңмәртебесі жайлы Заңда не дейді, соған тоқталсақ.
Конституциялық Соттың Төрағасы, Төрағасының орынбасары және судьялары жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар болып табылады, олардың мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда айқындалады деп көрсетеді да, Конституциялық Сот судьясының лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін лауазымдармен айналысумен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды деп көрсетеді.
Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьялары саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс. Егер Конституциялық Соттың судьясы лауазымға тағайындалған кезінде саяси партияда, кәсіптік одақтарда болса, тағайындалған күнінен бастап он күн ішінде олардағы өз мүшелігін тоқтатуға тиіс.
Бұл Соттың құрамына қырық жасқа толған, жоғары заң білімі, құқық саласында жоғары біліктілігі, мінсіз беделі және заң кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
Әділдік пен ақиқаттықты жақтап, қара қылды қақ жарар би болмысын көрсететін бұл бағыт елдің дамуына, әділдік байрағының биіктей беруіне өз үлесін қосары сөзсіз. Бәрінен биік, үстем заңымыз заңғар биіктерге жетелемек.

Г. Искакова
Қызылорда қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотының судьясы

Related posts