Ұ. Қожабаев
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы
1939 жылы Барсакелмес аралында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы құрылған болатын. Қорықтың 85 жылдық тарихында Барсакелмес аралы көптеген өзгерістерге ұшырады. Қазіргі таңда бұрынға арал аумағы құрлықпен шектесіп кеткен. Алайда, бұл аралдың қзіне тән биоәркелкілігі де бар.
Барсакелмес аралының көп бөлігін бұйырғынды-жусанды кешендері бар биік құмды жоталар алып жатыр. Құмдарда біркелкі емес боп сексеуіл, жүзгін, жыңғыл және т.б. өскен. Мұнда 10 шақты ұя салатын құстар түрлері кездеседі. Олар: тілеміш (Buteo rufinus), қызылқұйрық тағанақ (Lanius phoenicuroides), қылаң тағанақ (Lanius meridionalis pallidirostris), оңтүстік міңгірлек ( Hippolais rama), әжуан (Hippolais pallida), боз сандуғаш (Sylvia curruca), ақмұртты сандуғаш (Sylvia mystacea), шөл сандуғашы (Sylvia nana), шөл тасшымшығы (Oenanthe deserti), сарғалдақ сұлыкеш (Emberiza bruniceps).
Міңгірлектерге тоқталып өтсек, Барсакелмес аралында міңгірлектердің еркектері мамыр айының басында көріне бастайды. Алғашқы күннен бастап олар басып алынған аумақтарды белсенді түрде күзетіп, кейінірек келгендерін қуып жібереді. Бұл түрге ұя салудың басталуы мамырдың екінші жартысына келеді. Жыл сайын байқалатын маусым айының аяғында жаңа ұялар санының шамалап өсуі кейбір жұптарда екі репродуктивті циклдің бар екенін көрсетеді.
Ұялар 9-дан 130 см биіктікте орналасады. Сонымен бірге, мамырда басталған ұялардың орташа биіктігі 42,9 см, ал маусым-шілдеде басталған ұялардың биіктігі 78,6 см-ді құрайды. Бұл шөлде ұя салатын көптеген құстар үшін де байқалады. Бұл құстардың ұясын ұстап тұратын жіңішке бұтақтар жиі оның қабырғаларына тоқылған болып келеді.
Ұя салу 4-5 күнді алады. Жұмыртқа салу ұя салынып болғаннан бір күннен кейін басталады. Жұмыртқалар күніне бір рет шамамен 24 сағат аралықпен, әдетте таңертең немесе түстен кейін салынады. Мамыр айында ұяларда көбінесе 5 жұмыртқа, қалғандарында - 4 . Маусым-шілде айларында әдетте 4 жұмыртқа немесе 3 жұмыртқа болады. Соңғы жұмыртқа салынған күннен санағандағы 12-13 күнде балапандар жарып шығады.