Е.Раушанбекұлы
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы
Сот жүйесі – бұл мемлекет пен азаматтардың конституциялық құқықтары сақталуының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейді соттар шын мәнінде тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде» деген болатын.
Үшінші билік өкілі саналатын сот саласы еліміздің демократиялық және құқықтық мемлекет құру, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікті сақтау жолында маңызды рөл атқарады. Өйткені, қоғамдағы даулар мен жанжалдарды шешу судьядан жоғары білімді, тәжірибені және мінсіз адами және тұлғалық қасиеттерді талап етеді.
Қазақстанның слт саласын дамыту, жұмысын тиімді әрі әділ ету үшін атқарылуға тиіс шаруалар аз емес. Соның бірі – сот ісін созбалаңға салуға жол бермеу мәселесі. Сот жүйесіне қойылатын талап ешқашан төмендеген емес. Себебі, мемлекет атынан шешім, үкім шығару құзыры берген судья адам тағдырына жауапты тұлға. Сондықтан сот саласының жұмысын жақсарту, сотқа деген сенімді нығайту әрқашан күн тәртібінен түспейді. Осы ретте сот жұмысының сапасын төмендетуге түрткі болатын себептер үнемі зерттеліп, олар бойынша нақты шешімдер қабылданып келеді.
Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесіне сәйкес 24 маусым – Судья және сот қызметкер күні.Мереке қарсаңында салада елеулі еңбек еткен майталмандар марапатталып, атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалады.
Еліміздің сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық Заңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа соттар құрайды. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ.
Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қаматамасыз етуге қызмет етеді.
Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформаларды бастан өткеруде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.
Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ендеше, судьяның әділ төрелікті дөп басып айтуы маңызды. Осы бағыттағы сот жүйесіндегі реформалар тәуелсіз Қазақстанның Жаңа Қазақстан құру жолында әділ сот төрелігін құру үшін судьялардың жауапкершілігін, көтерер жүгін арттырады. Сәйкесінше, сот корпусына талаптар күшейтілді.
Сот саласында еңбек ететін қызметкерлердің функционалдық міндеттері үлкен жауапкершілікті талап ететіні анық. Судья – сот саласының тірегі болса, ал сот ғимаратына кірген азаматтарды қабылдап, сұрақтары бойынша бағыт-бағдар беретін сот кеңсесінің мамандары. Сот әкімшісінің басшысы – сот кеңсесінің жұмысы мен соттағы іс жүргізуді ұйымдастырады. Бас маман – сотқа түсіп қаралған істер мен материалдар бойынша іс қағаздар жүргізу, істерді қабылдау, есепке алу, сақтау және сараптамалық есептер жүргізіп отырады. Бас маман-сот отырысының хатшысы – сот отырысын толық ұйымдастырып, азаматтардың сотқа келуін қамтамасыз етіп, сот отырыстарының хаттамаларын әзірлейді. Аға сот приставы – сот отырысы кезінде залда тәртіп сақтау, сот үйлерін күзетуді, судьяларды және процестің қатысушыларын күзету қызметтерін жүзеге асырады. Жетекші мамандар сот жұмысының жариялығын қамтамасыз етіп, кіріс-шығыс журналдарын толтырып, мұрағат қызметін ұйымдастырумен айналысады. Мінекей, осындай сала мамандары үлкен істердің басын құрап, еліміздің сот жүйесін ілгері дамытып, еңбек етуде.