Ақтөбе арғымақтар Астанасы

Ақтөбе облысының атын шығарып жүрген сәйгүліктер аз емес. Ерте шапса кешке озған, ойға салса төске озған небір тұлпарлар тұр қазірде сөреде. Олардың бапкерлері, сейістері көз ілмей баптап, тыным таппай тақтап отырады. Ер қанаты ат деген, ат әперер бақ деген демекші бабы мен бағын келістіріп жүрген жандардың бірі Сақып Мейрамбек Есетұлы мен Айбек.
Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған 70 шақырымдық ұлы аламан бәйгеде Айбектің баптап қосқан қылқұйрығы өткен дүбірлі додада бірінші келіп, автокөлік ұтып алса, Мейрамбектің тұлпары Ақтөбеде өткен аламанда жүлделі ІІ орынды иеленді. Қазақты қанаттандыратын көкқасқалар жайлы дода басындағы толғауымызды ұсынып отырмыз.

Ақтөбе арғымақтар астанасы

Ат баптап, тұлпар қылар біздің ерлер,
Шығарар жабыдан ақ құлагерлер.
Шаптырса сәйгүлігін салып жолға,
Қарыстай боп қалады құба белдер.

Айбек пен ер сейісім Мейрамбегім,
Жаратқан таңдап біліп аттың тегін.
Бапкерлері болатын нағыз бапкер,
Білетін сәйгүліктің әркез ебін.

Тұлпарлар алғы шепте жүрген шауып,
Көрмеген ер тоқымы төске ауып.
Бағы мен бабы қатар келгеннен соң,
Додаға салды барып етпей қауіп.

Айбектің аты шапты дода жақта,
Келісіп тұрғаннан соң бағы бапқа.
Пай-пайға қарық қылып дүйім жұртты,
Мінгізді Айекеңді темір атқа.

Осылай Жымпидыда жеңіс етті,
Мәреге алғаш болып тұлпар жетті.
Батыста Ақтөбенің аты озды деп,
Жаңғырып жүйрік аты ұзақ кетті.

Төрінде Ақтөбенің Марти шапты,
Сүңқардай сұңғақ тұлпар қанат қақты.
Екінші орынды ол алып келіп,
Мейрамбекке мінгізді алтын тақты.

Таратып кекіл, жалды құйрық қылды,
Асында Мөңке бидің өнер қылды.
Осындай ат пен ердің қазақ үшін,
Болмай ма қай кездеде басы пұлды.

Дөңгелеп шыққан өрге талап тасы,
Бітпеген бір жеңіссіз бастамасы.
Тұлпарлар тұяғының ізі қалған,
Ақтөбе арғымақтың астанасы.

Мейрамбекке

Қызыл тіл сөйле көсіліп,
Жібектей жұмсақ есіліп.
Ызғытып жолға салайын,
Іңірде сайтан көшіріп.
Шалыс бассам шерлерім,
Қоярсыздар кешіріп.
Мейрамбектей сейістің
Тұлпары жүлде алғанда
Қалайша арқа қозбайды,
Өлең сөзім шешіліп.
Есеттей пірдің ұлысың,
Ұмтылған өрге өшігіп.
Жасынан тұлпар баптадың,
Қара терге кешіріп.
Бәйге алмай қалған жерің жоқ
Көңілін көптің өсіріп.
Талайды жолда қалдырдың,
Таласқан келіп ешіріп.
Тасқа түскен ізіңді,
Құрта алмас дұшпан өшіріп.
Атымтай жомарт сен едің
Қанадан кеткен тесіліп.

Жаратып тұлпар шаптырған,
Алтыннан таға қақтырған.
Бәйгелі жерден бас бермей,
Жұлдыздай зулап ақтырған.
Тұлпарларың тас көсіп,
Құлашын жаза түскенде,
Тұяғы тасты лақтырған.
Қайшылап құлақ ду іздеп,
Қиқуын елдің жақтырған.
Қолыңнан шыққан жүйріктер,
Мойныңа алқа тақтырған.

Жүйрігіңнің біреуі,
Мартинды айтсам алақтан.
Құйрық жалын таратқан,
Бауырынан жаратқан.
Шабысы сұлу сәйгүлік,
Тамсантып елді қаратқан.
Тереңнен алып тынысын,
Ағызған терді сағақтан.
Шашасына шаң жұқпай,
Алдырмаған балақтан.
Құлынында бұл жылқы,
Сағымға маңдай жалатқан.
Алдына қара салмаған,
Құлашын таздай қармаған.
Алысқа тіккен көздерін,
Алдынан бір сәт алмаған.
Шабысына жануардың,
Құмай да жетіп бармаған.
Ілесем деп ізіне,
Қай лашынның қарағым,
Қанаты еді талмаған.

Егесі досым Мейрамбек,
Құрдасым мәрті жігіттің.
Көздігіндей үміттің.
Атымтайы бүгіннің,
Майлығындай жіліктің.
Пейілі дархан даладай,
Шоқтығындай үліктің.
Жалғанды басып жалпақтан,
Кешпеген күнін шіріктің.
Аңқылдап шықса алдыңнан,
Қыдыры дерсің қырықтың.
Еселеп Алла бар бағын,
Осындай туған ұлықтың.

Ерді алғыс емес пе,
Алға қарай жетелер,
Бап келісіп бақ қонса,
Сәттілік саған төтелер.
Ақ құрдасым аман бол,
Саулығын ердің көтерер.
Жемін шашып жейтұғын,
Қыраным өзің құрдасым,
Пейілің қақтан өтелер.
Амандық тілеп бұл Сәкен,
Ризалығын өзіңе
Өлеңменен төпелер.
Сәлемін алғай , Уа, Мәке,
Жолдаған Сырдан Кетелер.

Сәкен Алдашбаев

Related posts