Қызылорда облысының ҮЕҰ ресурстық орталығы және «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен Қызылорда облыстық «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбіш Сәбит Ыдырысұлының 70 жасқа толу мерейтойына арналған мерекелік іс-шарасы өткізілді.
Сәбит Ыдырысұлы 1953 жылы 25 мамыр күні Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тартоғай кеңшарында дүниеге келген. 1971 жылы Отан алдындағы әскери борышын Семей ядролық полигонында өтеген.
2010 жылдан бастап Қызылорда облысының «Невада – Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастады. Бірлестік төрағасы ретінде аймақтың қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақтау, жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарына да айрықша үлесін қосып келеді.



Мерейлі басқосуға арнайы қатысқан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев басқарма басшысының құттықтауын жеткізіп, мерейтой иесіне азаматтық қоғамның дамуы үшін еткен еңбегіне алғаусыз алғысын білдірді.
«Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы А.Ізден мерекелік іс-шараны ашып, С.Ыдырысұлының өңіріміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақталуына, жастарға патриоттық тәрбие беруде қосқан үлесіне және өмірбаянына тоқталып, шынайы алғысын жеткізді. Дәстүр бойынша мерейтой иесінің иығына шапанын іліп, отбасының шырайын келтіріп, береке-бірлігін ұйытып отырған отанасына ақ жаулық жауып, гүл шоқтарын табыстады.

Мерекелік құттықтауда «Қарлығаш» шеберлер орталығының жетекшісі Қарлығаш Ильясова замандас ағасын мерекесімен құттықтап, ел дамуы жолында еңбегінің елене беруін тіледі.
Сондай-ақ, азаматтық қоғам мүшелері ақжолтай құттықтауларын жеткізіп, ыстық лебіздерін жеткізді.
Мерейтой иесі өз кезегінде керемет кештің ұйытқысы болған барша азаматтарға шексіз ризашылығын білдіріп, ақжарма тілегін арнады.
Кеш соңында мерейтой иесіне жыраулар термеден төгілтіп арнау арнаса, жас өнерпаздар әннен шашу шашты.