Сот жүйесінің тәуелсіздігі қағидаттарының негізгі кепілдіктері еміздің Конституциясында көрініс тапқан. Осының негізінде Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.
Өткенге көз жүгірстек, 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот жүйесінің реформасы жүргізілді. Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезінде жасаған баяндамасында сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтіп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады. Сонымен қатар адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атап көрсетті. Әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек екені, сондай-ақ кәсіби судьялар корпусы барынша сот реформаларының шешуші факторы екеніне баса назар аударды.
Тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру жолындағы тынымсыз ізденісер, батыл бетбұрыстарға толы болады. Осыдан отыз жыл бұрынғы сот жүйесі мен бүгінгі соттың жағдайы мүлде салыстыруға келмейді. Заңдық, кәсіби біліктілік тұрғысынан ғана емес, сот саласы материалдық, әлеуметтік жақтан да анағұрлым артты.
Бүгінде құрылғанына 85 жыл толған облыстық сотта да жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары түгелдей дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты. Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы халыққа көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімділігін одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған. Осылайша Тәуелсіздік жылдарында аймақтағы сот жүйесі бірқатар өзгерістерді өткеріп, жылдан-жылға даму үстінде.
Сотта жариялылықты шектеуге жол берілмейді және барлық мүдделі адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Жеке тұлғалар және олардың өкілдері, заңды тұлғалардың өкілдері «Сот кабинетінде» орналастырылған электрондық нысандарды толтыру арқылы электрондық құжаттарды сотқа ұсынуға құқылы. Бұл үшін көрсетілген адамдар «Сот кабинетіне» тіркелуі қажет. «Сот кабинетіне» тіркелген адам электрондық құжаттарды беру сервисінің пайдаланушысы болып табылады.
Қазіргі кезде сот процестері барынша ашық және халыққа қолжетімді. Кез келген адам тікелей не заманауи технологияларды пайдаланып сотқа арыздана алады. Азаматтардың өз құқықтарын сотта қорғауына кедергі жоқ. Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің бірі – сот төрелігінің әділдігі. Құқықтық мемлекеттердің бәрінде адам тағдырының шешілер жері де, жаза атаулының кесілер жері де – сот. Адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата заңымызда да дәл осылай жазылған. Сондықтан сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі заман билерінің бұра тартуға да, жаза басуға да құқы жоқ. Оны абыроймен орындау үшін ешкімге жалтақтамай, тек заң мен арға ғана бағынып, бар білім-білігімізбен халыққа адал қызмет етуіміз қажет. Қазіргі кезде соттың жұмысы баршаға мәлім. Заман ағымына сай әр азамат электронды түрде сотқа арызын ұсынып, оның қозғалысын кедергісіз бақылай алады. Соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ететін жүйедегі жаңа өзгерістер қоғамның сот қызметіне деген сенімін арттырып келеді.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Қабылданған түзетулер Жоғарғы Сот Кеңесінің анық кадрлық функциялары бар толыққанды институт ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған. Осы заңнамалық шаралар Кеңес жылдарында осы бағытта іске асырып жатқан іс-шаралардың жалғасы болып табылады. Заңнамалық түзетулермен Жоғарғы Сот Кеңесіне судьялыққа кандидаттарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, шекті жасты ұзарту, жұмыс істеп жүрген судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұру және тоқтату бірқатар мәселелері берілді. Атап айтқанда, 2024 жылғы 15 шілдеден бастап кеңеске судьяларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелерімен айналысатын сот төрелігі Академиясы берілетін болады. Сондай-ақ судьяларға мәселелер бойынша Жоғарғы Сот Кеңесіне тікелей жүгіну құқығы берілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінің кейбір мәселелері туралы» 2023 жылғы 19 қаңтардағы №106 Жарлығына сәйкес «Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі» атауы – «Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» болып өзгертілді.
Сонымен қатар, өткен жылдан бастап елімізде 24 маусымда судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бұл – осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен мемлекетте сот саласының қалыптасып, дамуына қызмет еткен сала ардагерлеріне деген зор құрметтің белгісі. Оның үстіне биыл Қызылорда облыстық сотының құрылғанына 85 жыл толып отыр.
Осынау ғасырға жуық уақыт тарихында облыс соттары еліміздің тұрақты дамуына зор үлес қосып, қоғам және мемлекет өмірінде туындайтын жанжалдар мен дауларды әділ шешу бағытында небір күрделі, тағдырлы істерге төрелік етті. Бүгінде облыстық соттың судьялар корпусы азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына, заң үстемдігінің берік орнығуына және сот тәуелсіздігінің нығаюына сүбелі үлес қосып келеді. Халық үшін тындырылған жұмыс аз емес, алайда әлі де жасалар жұмыс одан да көп.
Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметі