Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған ақпараттық-ресурс орталығы жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында ү.ж. 30 маусым күні Сол жағалау, ҮЕҰ-дың ресурстық орталығында Қызылорда облысының ветеринария басқармасының басшысы Қойшыбаев Шахмардан Сұлтанбекұлының үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесуі өтті.
Кездесу барысында азаматтық қоғам белсенділерімен бірлескен жұмыс жоспары, жұмыс тиімділігін арттырудың негізгі тетігі, облыс көлемінде ветеринария саласына қатысты өзекті мәселелер мен шешімін таппаған тақырыптар талқыланып, ұсыныс-пікірлер сараланды.


Басқарма басшысы ветеринария саласының қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарына, оның ішінде үй жануарларын сырғалау, арнайы база әзірлеу , барлық жануарларды базаға тіркеу және ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып өтті.
Кездесу соңында ветеринария басқармасы мен ҮЕҰ өкілдері алдағы уақытта топ құрып, жануарларды көшеде алып жүру ережелерін таныстыру мақсатында түрлі акциялар, оларды кастрациялау бойынша жас мамандарға сабақтар үйрету және көшеде бос жүрген жануарлардың егелеріне шара қолдану секілді жұмыстарды бірге атқаруға келісті.