Есімі Сыр күрішімен қатар аталатын Социалистік Еңбек Ері, Қармақшы ауданының “Құрметті азаматы» Сәлима Жұмабекованың еңбек пен өрілген өмірі ұрпаққа үлгі. Егіс алқабының алтын дәнін аялаған өнегелі өмір иесінің есімі бүгінде аңызға айналған.
“Ғасырдың Батыр Анасы” атағын алған қазақ еліндегі жалғыз ана, КСРО кезеңінде 300 миллион халықтың арасынан, өзі Социалистік Еңбек Ері, өзі “Батыр ана” атағын алған үш ананың бірі — Сыр елінің атақты күрішшісі, 11 баланың анасы, 37 немеренің, 49 шөберенің әжесі болған анамыз Сәлима Жұмабекқызы тірі болғанда осы жылғы 25 тамызда 87 жасқа келер еді.
Анамыздың аялы ыстық алақанын, мейірімді күлімдеген жүзін, әр кез айтқан ақылын сағынып, ұмыта алар емеспіз.
Сәлима Жұмабекова 1935 жылы Қармақшы ауданы, бұрынғы «Жаңа бақыт» (қазіргі Дауылкөл елді-мекені) ауылында дүниеге келген. Әкесі Жұмабек ескіше сауат таныған кісі болған. Ауыл балаларын оқытса, анасы Ақсалы жігерлі, қарапайым, қайырымды жан болыпты. Сұрапыл соғыс жылдарында әкесі майданда ерлікпен қаза табады. Соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстары, тұрмыстағы қиындық пен ауыртпалық отбасындағы ана мен бауырларына оңай тимеді. Бойжеткен Сәлима бір үйлі жанның жағдайын жасай жүріп еңбекке ерте араласты. «Бес там» мектебінің
8-ші сыныбын бітірген жасөспірім еңбек жолын сауыншылықтан бастайды. Кейін келе байланыс, құрылыс саласында да біршама уақыт жұмыс істеген шынашақтай қыз ширақтығын көрсетеді.
Егін алқабының көлемі үлкейіп, Сыр салысына сұраныс артқан 1963 жылдары Сәлима Жұмабекқызы күріш өсірумен айналысады. «Ақ күріштің атасы» атанған даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың аймақ жастарын күріш егуді қолға алуға шақырған үндеуіне алғашқы болып үн қосқандардың бірі осы Сәлима апа еді. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы арқасында ол бітік өнім алды. Ауылшаруашылығы саласына қосқан ерен еңбегі үшін күрішші ана 1966 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Адам жанын түсіне де түйсіне білетін адамгершілік қасиетін бағалаған Тұрмағамбеттіктер зор сеніммен оны Дауылкөл ауылдық Кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Төрағалық қызметті 5 жыл бойы абырой мен атқара білген білікті ұйымдастырушы ауыл әлеуеті мен мәдениетін дамытуға зор үлес қосты. «Еңбегінен ел таныр» демекші, еңбексүйгіш жан 1971 жылы аудандық партия комитетінің жиынында басшылықтан күрішші етіп жіберуін сұрайды.
Кеңсе қызметін диқаншы кетпеніне айырбастаған ана даладағы еңбек майданына құлшына кіріседі.
«Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген емес пе атам қазақ. Ел ырысын тасытып, еңбектің тайқазанын қайнатқан жемісті жылдар біртіндеп өз нәтижесін берді. 1971-1973 жылдары облыс көлемінде еңбегі жоғары бағаланып, кеудесіне «Ленин» және «Батыр ананың» алтын жұлдызын жарқырата тақса, 1979 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Бекітілген 20 гектар жерден 106 центнерден өнім жинаған атақты күрішші көптеген жастың күріш егуге деген ынтасын оятты. Бұл Сыр елі үшін елеулі оқиғалардың бірі саналды. 1980 жылы жоспарды асыра орындаған С.Жұмабекова Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.
1982-1984 жылдары әр гектарынан 110-113 центнерден өнім алып, есімі республикалық, облыстық «Алтын кітаптарға» енді. 1980 жылы екінші мәрте «Ленин» орденімен мадақталып, Қазақстан Компартиясы ХІІІ-ХІV және СОКП ХХVІ съездерінің делегаты болды. 2000 жылы «Ғасырдың батыр анасы», 2005 жылы 70 жылдық мерейтойына орай, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 2001 жылы
8-наурызда Елордасы – Астана қаласында Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатына ие болып, мерекелік қабылдауында болды. 2005 жылы Еңбек Ерінің ғұмыр баяны және ерен еңбек жолына арналған «Сыр сұлуы, Батыр ана – Сәлима» атты деректі жинақ пен арнайы телехабар жарық көрді.
Аңыз ананың 70, 75 және 80 жасқа толған мерей тойларында Елбасы арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Дән падишасына құрмет ретінде Қызылордадағы Ы. Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары шығарған күріштің жаңа сортына Сәлима Жұмабекқызының есімі берілді.
Аңыз ана ақтық демі қалғанша өмірден жиған-тергенін жастарға үйретуден жалықпады. Ауданның қоғамдық жұмысының бел ортасында жүрді, ауыл халқы мен жастарының ақылшы анасы болды.
Өнегелі өмір жолында аяулы ана жұбайы Ноғай Дәулетұлымен он ұл-қыз дүниеге әкеліп, азамат етіп өсірді. Қазір олардан тараған ұрпақтың өзі бір қауым ел болды. Ұлағатты ұрпағы еліміздің түрлі салаларында қызметтер атқаруда.
«Атақ-даңққа, құрметке ие болуым – еңбексүйгіштігім, адал маңдай терімнің арқасы. Елдің бірлігі, Сыр сүлейлерінің соқпағы қалған Тұрмағамбет ауылының киелі топырағы деп білемін», — дейтін аңыз ана.
Сәлима Жұмабекқызының асыл бейнесі жадымызда мәңгі сақталады, мәртебелі өмірі келер ұрпаққа өнеге болып қалады.
Сағынбай Гаухар Жанқожақызы
«Ziyatker» инновациялық мектеп-лицейінің
4 «Ә» сынып оқушысы
Турсунова Мариям
Бастауыш сынып мұғалімі