Арал теңізінің апаттық жағдайы салдарынан 60-жылдардың соңында Арал теңізі ихтиофаунасындағы жартылай өрістегіш балықтардың уылдырық шашатын орындарының жағдайы өте нашарлады. 1971 жылдан бастап теңіздің ашық бөлігіндегі судың орташа тұздылығы 12 ‰ көрсетіп, олардың ересек балықтарға кері әсер етуінің алғашқы белгілері пайда болды. Балықтырдың көптеген түрлерінің өкілдерінің өсу қарқыны бәсеңдеп, олардың сандары күрт азайды. 70-жылдардың ортасына қарай теңіздің орташа тұздылығы 14 ‰ асып аралдық балықтардың табиғи түрде өнуі толығымен бұзылды, сөйтіп, 70-жылдардың екінші жартысында балықтардың көптеген түрлерінің популяциясында ұлғаюлар болған жоқ.
Осылайша, өткен ғасырдың 70-жылдары Арал теңізіндегі жергілікті кәсіптік ихтиофаунаның толығымен жойылып қалғанын атап өту қажет. Аралдың жергілікті кәсіптік балықтарының түрлері тек Сырдария өзені мен жайылма және сағалық көлдерде ғана мекендеді. Осы уақытта Арал теңізінде жерсіндірілген глосс камбаласы жалғыз кәсіптік түр болды. Алайда, ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін 1988 жылдан бастап Сырдария өзенінің ағысы Кіші Арал теңізіне құя бастады. Нәтижесінде сағалық аймақта тұщыланған аймақ пайда болып, мұнда Сырдария өзені мен көлді жүйелерден сырғып ағып келген жергілікті кәсіптік ихтиофауна мекендей бастады.
2002-2005 ж.ж. Сырдария өзенінің суы мол болуы, сонымен бірге Көкарал бөгеті құрылысының аяқталуына байланысты тұщыланған аймақтардың көлемі айтарлықтай артып, балықтардың жергілікті түрлерінің мекен ету ареалдары ұлғайды. Жергілікті ихтиофауна жайылу мен уылдарық шашу үшін Кіші Арал теңізінің барлық акваториясын толығымен қамтыды.
Кіші Арал теңізінің кәсіптік ихтиофаунасында балықтардың 18 түрі берілген. Сонымен қатар, Қызыл кітапқа енгізілген түрлер де бар.
Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген,
Арал бассейнінің ихтиофаунасы (2008)
№ | Атауы | ||
Қазақша | Орысша | Санаты | |
1 | Арал бекіресі | Шип (аральская популяция) | 1 санат |
2 | Тасбекiре | Лжелопатонос | 1 санат |
3 | Арал албырты | Лосось аральский (кумжа) | 1 санат |
4 | Шортан тарiздi акмарка | Щуковидный жерех (лысач) | 1 санат |
5 | Каяз | Усач аральский | 2 санат |
6 | Каяз | Усач туркестанский | 2 санат |
7 | Шу сүйрікқанаты | Остролучка чуйская | 1 санат |
8 | Шатқалдық тас тасалағышы | Подкаменщик чаткальский | 4 санат |
«Қызылкітаптық» таксондардың көбі өздерінің дәрежесі бойынша «жойылып бара жатқан түрлерге» (1), 2 таксон «Қысқарып бара жатқан түрлер» (2) санатына, және тағы 1 түр «Анықталмағандар» (4) санатына жатқызылған. Бұл таксондар іргелес республикалардың – Тәжікстан (1997), Түркменстан (1999), Өзбекстан (2003), және Қырғызстанның (2006) Қызыл кітаптарында дәл осы дәрежеде.
Расында, соңғы ширек ғасыр бойы аталған сүйрікқанат пен п тас тасалағыштан басқа балық түрлеріне мақсатты бағытталған барлау-іздестіру жұмыстары жүргізілмегенін атап өту қажет.
Қазіргі уақытта Кіші Арал акваториясы мен Сырдария өз.авандельтасында сирек кездесетіндер – Арал майбалығы мен Арал айнакөзі болып табылады.
Аралдық майбалығы – мекен ету орындары санының қысқаруы мен қауіп төнуге жақын жағдайына байланысты, оның табиғатқорғау дәрежесін анықтау мақсатында мониторингтеуге жататын түр.
Ғасырлар тоғысында Өзбекстанның Қызыл кітабына енген Арал айнакөзіне (Abramis sapa aralensis) Қазақстанда қауіп төнген жағдайлар туралы болжамдар туған. Алайда, Кіші Арал теңізінде ғылыми мақсатта ауланған мәліметтер соңғы кездері айнакөздің саны артқанын айғақтайды : 2002 ж — 6 дана, 2004 ж — 12 дана, 2005 ж — 6 дана, 2006 ж — 9 дана, 2007 ж — 159 дана, 2008 ж — 60 дана, 2009 ж — 98 дана. Бұл мәліметтер Қазақстандағы айнакөздің жағдайы әзірше айтарлықтай алаңдаушылық туғызбайтынын, алайда мониторингке жататындығын көрсетеді.
Ұ. Қожабаев
Барсакелмес мемлекеттік
табиғи қорығы