
Ахмет Байтұрсынұлы – талантты әдебиеттанушы, терең ойшыл, публицист, ізденуші ғалым, керемет ұйымдастырушы және өз халқының дамуына қызығушылық танытқан қоғам қайраткері. Ол 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай уезінің Сартүбек шатқалында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.
Ахмет Байтұрсынұлының өміріне қысқаша тоқталсақ, оның ең маңызды істерінің қатарына келесідей үш бастаманы атауға болады: 1) Ә.Бөкейханов және М.Дулатовпен бірлесе отырып, өз заманындағы уақыт пен жалпы қазақ халқы үшін тұтас ұлттың ағартуы мен білім беруінің тетігіне айналған «Қазақ» газетін басып шығару; 2) «Төте жазу» қазақ тілінің араб графикасын жасау; 3) «Алаш Орда» үкіметінің қызметіне қатысу.
«Қазақ» газетінде сол кездегі ізденімпаз, қайта өркендеген қазақ қоғамы үшін танымның кең көкжиегін ашқан мазмұны терең және тақырып бойынша алуан түрлі материалдар басылып шықты. Осы басылымның арқасында қазақтар қазіргі өркениетті ұлттың қалыптасуы жолында өте маңызды қадам жасады деп айтуға болады. Бұл дегеніміз, газет халықты кеңінен ағартумен қатар, қазақ тілін дамыту мен дәріптеуде де айрықша қызметін атқарды.
Дәл осы «Қазақ» газеті ауызекі тілден әлемдік тілдермен бір деңгейге көтерілген жазбаша, сонымен қатар әдеби қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосты. Ал, Ахмет Байтұрсыновтың бұл істегі маңызы туралы айтқанда, ол әдеби, жазбаша қазақ тілінің негізін қалау бойынша жұмыстарды басқарды. Қазіргі өркениетті даму жағдайында өзін-өзі танитын мәдени қауымдастық ретінде қазақұлтының құрылуы да дәл осыдан басталды. Бұл туралы қазақ ойшылының өзі былай жазған: «Өз тілінде сөйлейтін, өз тілінде жазатын ұлт ешқашан жоғалмайды. Ұлттың сақталуына немесе жойылуына ықпал ететін ең күшті фактор, бұл – тіл. Тілдің жоғалуымен бірге халықтың өзі жоғалады. Басқа ұлтты өз халқына қосқысы келетіндер, ең алдымен, осы ұлттың тілін жоюға тырысады».
Оның ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарынан бөлек, араб графикасы негізінде қазақ жазуын реформалауға қосқан үлесі ерекше. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінде қолданылмайтын барлық таза араб әріптерін алып тастап, қазақ тіліне тән әріптерді қосты. Яғни 35 араб әріптік белгілерінің негізінде 24 әріптен тұратын қазақ әліпбиін жасады. Жаңа әліппе «Жаңа Емле» деген атауға ие болды. Ол қазіргі қазақ тілінің негіздерін және қазақ грамматикасының ғылыми терминологиясын жасады.
Өмірінің маңызды кезеңі болып оның «Алаш Орда» үкіметінің көшбасшыларының бірі ретіндегі азаматтық ұстанымы мен белсенді саяси қызметі болып табылды. Алаш зиялысының басты мақсаты – халқына қызмет ету еді.
Биыл елімізде Ұлы ағартушы, реформатор ғалым, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттанудың негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы атап өтілуде. Осыған орай, сот саласында да алаш қайраткерін дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұл бүкіл саналы өмірін өз халқына қызмет етуге арнаған, жеңіске деген ерік-жігері мызғымас болған, қайсар ұлттық батыр ретінде ұрпақтарының жадында қалған Ахмет Байтұрсыновты ұлықтап, еске алудың тағы бір мүмкіндігі іспетті.
Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі