Айбарлы асқар Ата Заң

Тарих үшін егемендігімізді еншілеп, тәй-тәй басқан тәуелсіз елдің тұтастығы мен бірлігін, тұрақтылығы мен татулығын айғақтайтын мемлекеттік маңызы бар құжаттырды қабылдау жауапты әрі маңызды кезеңдер болып табылады. Төрткүл дүниеге танылып, дүниежүзі картасында ойып тұрып орын алу үшін бірқатар батыл қадамдар жасалды, игілікті істер атқарылды.  Содан бері көк аспанда көгілдір байрағымызды желбіретіп, кеудемізді керіп Әнұранымды шарықтатқанымызға, Елтаңбамызды еншілеп, төл теңгемізді қабылдағанымызға, Ата Заңымызды айқындап, мызғымыс елге айналғанымызға екі мүшел өтіпті.

1995 жылы  құқықтық негізді қалыптастыратын құжат – Конституция қабылданды. Алайда қазақ халқы ежелден заңсыз, ережесіз күн кешті деген сөз емес. Дала заңы Жәнібек пен Керейдің кезінде де өмір сүрді. «Жеті жарғы» да халықтың игілігіне жарады. Темірдей тәртіптің, заңның арқасында талай дүрбелеңнен адаспай, бодандықтан арылып, бостандыққа жеттік. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін қабылданған Ата Заң, әрине, өзгеше. Себебі, жаңа Конституцияны қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.

Мазмұны мен мақсаты бір болғанмен, заман талаптарына сай жаңа атаулар сөздік қорға қосылды. Конституция.

Конституция – кемелді келешектің кепілі, қастерлі құндылығымыз, татулық пен тәртіптің, жасампаздық пен жаңғырудың жаршысы, қарымды істердің қайнар бастауы. Конституция мемлекеттің саяси, экономикалық, құқықтық жүйелері, халықтың бостандығы мен құқығын қамтиды, бүтін бір мемемлкет идеологиясын қалыптастырады. Демек, еліміздің дамуы Конституцияға тікелей байланысты. Біздің Конституция – бүгінгі Қазақстанның келбеті. Қазақстан – жас мемлекет, орда бұзар жастан енді асты. Буыны қатпаған жас мемлекеттердің қатарында болса да, біршама биіктерді бағындырып үлгерді. Ең бастысы бейбіт заманда күн кешудеміз. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алуының өзі – ұлы жетістік. Дамудың даңғыл жолына бастаған Конституция өзінің өміршеңдігін, мемлекет үшін маңызды бастама екендігін  дәлелдеп келеді. Отыз жылда алған асуларымыз, жеткен жетістіктеріміз, тіпті, жығылған, сүрінген сәттереміздің өзі Конституцияның беки түсуіне ықпалын тигізді. Қабылданған Заңдардың дұрыс-бұрыстығын уақыттың өзі көрсетуде. Сәйкесінше толықтырулар мен өзгерістердің  енгізілуі де заңды құбылыс.

Конституция заңдары мемлекеттік, құқықтық органдарға ғана тиісті дүние емес, бәріне ортақ  мүдде. Осыны әр қазақстандық ұлтына, жасына, жынысына қарамай жетік түсініп, Ата Заңнан аттамай, заң талаптарына құрметпен қараса, алар асуымыз бір табан жақындай түсер еді. Конституцияда ең қымбат қазына – адам, адамның өмірі деленген. Демек, Заң біз үшін қызмет етсе, заң талаптарын сақтау – адамзаттың парызы.  Заң – қоғамдағы тәртіпті реттейтін құрал.  Тәртіп бар жерде бейбітшілік орнайды. Осы орайда «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының сөзі еріксіз ойға оралады.  Тіпті бес адамнан құралған отбасының өзінде тәртіп болмаса, шаңырақ шайқалады. Ал бүтін бір елдің тұтастығы мен бейбітшілігін реттейтін Конституцияның маңыздылығын айтпаса да түсінікті.  

Ата Заңымыз адамзатқа қалтықсыз қызмет етіп, ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын.

Шекербеков Ерғали Әмірханұлы
Қызылорда қалалық сотының судьясы 

Related posts