Е.Құтыбаев
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы
Қазіргі таңда алаяқтық, соның ішінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтарының құрығы ұзарып, алдап-арбау әдіс тәсілдері күн санап мың құбылуда.
Рас, интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Қазір бәріміздің өмірімізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Олардың көмегімен виртуалды қызметтер мен өнімдерге қол жеткіземіз, белгілі бір тауарларға сұраныста артты. Бүгінде әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасудың емес, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналды. Ал компьютерлендірудің салдары соңғы 10 жылдың ішінде қылмыстық құқық бұзушылық түрінде айқын көріне бастады.
Интернет алаяқтықтың тым көбейіп кетуі қоғамдық резонанс тудырып отырғаны да белгілі. Қазақстанда бұл қылмыс түрінің ең көп таралған тәсілдерінің бірі интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтықтардың жартысы дәл осындай жолмен жасалған.
Сондай ақ, екіншісі микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу және жиі қолданылатын үшінші тәсіл азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізгеннен кейін банк шоттарындағы бүкіл қаражатты жымқыру. Қарапайым халық әккілердің тұзағына тез ілігіп қалады. Соңғы уақытта өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, ауыстырмалы нөмерден қоңырау шалатын алаяқтар көбейді, олар өздерін екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырады, сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес беріп, бүкіл қаржыны үптеп кететіндер көп.
Интернет алаяқтықтың бұл тәсілінің де өзіндік желісі бар, қылмыскер жәбірленушіге хабарласып, өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады. Осыдан кейін ол жәбірленушіге оның атындағы есепшотқа шабуыл жасалғаны, болмаса төлем картасындағы қаржысын біреулердің жымқырмақ болғанын айтып, оны өзі айтқан «қауіпсіз» есепшотқа аудартып алады, ұрланған қаржының осылайша бірнеше шотқа аударылатынын жеткізіп, алаяқтар құрбыларына хабарласқанда TeamViewer немесе AnyDesk деп аталатын арнайы бағдарламаларды жазып алуға кеңес береді. Ал қылмыскерлердің әр сөзіне сеніп отырған адам мұны бір минутқа жеткізбей телефонына жүктеп алады. Бағдарламалар жүктелгеннен кейін «банктің қауіпсіздік қызметкері» код жібереді де соны енгізу қажеттігін айтады. Осыдан кейін алаяқ автоматты түрде жәбірленушінің құрылғысына қашықтан кіре алады, ұялы телефондағы банк қосымшасына кіріп, бүкіл қаржыны басқара алады, депозиттегі ақшаны толығымен шешіп алып, тіпті банкке онлайн өтініш қалдырып, кез келген сомада несие рәсімдей алады. Ақша түскеннен кейін бүкіл қаржыны өзінің шотына аударып жіберу олар үшін аса қиын емес.
Қызылорда қаласының №2 сотында қаралған деректерді айтайын.
ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1)- тармағымен көзделген сотталушы Т.-ға қатысты қылыстық ісі қаралған.
Іс-құжаттарына сәйкес, сотталушы Т. «Telegram» әлеуметтік желіден «фейковые чеки» бағдарламасымен жалған «Kaspi Gold» төлем түбіртегін жасау жолдарын үйреніп, қолданысындағы «Samsung» ұялы телефоны арқылы сауда үйінің әлеуметтік желідегі парақшасына кіріп көріп, бірнеше киімдерін онлайн тапсырыс беру арқылы жалған каспиголд түбіртегін жасап жіберіп, ақпараттық жүйені пайдаланушының сенімін теріс пайдалану арқылы ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырып, алаяқтық қылмысы салдарынан сауда үйіне жалпы құны 8 159 200 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Сот үкімімен сотталушы Т. ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Сонымен қатар, ҚР ҚК-ның 190-бабы 3-бөлігі 4)-тармағымен көзделген сотталушы М.-ның ісі де сотта қаралып, өз жазасын алды. Оқиға бойынша, сотталушы М. өзінің қолданыстағы ұялы телефон арқылы «Telegram» әлеуметтік желісімен адамдардың желілеріндегі парақшаларын бұзу жолын игеріп, заңсыз ақша тауып отырған. Ол «Whatsapp» желісімен хат алмасу арқылы өзінің танысы екеніне жалған сендіріп, «Telegram» әлеуметтік желісінен келген хабарлама құпия санын адамдардан алдап алу жолымен өзге адамдардың атын жамылып, ақша қаражаттарын банк мобильді қосымшасы арқылы қашықтықтан алдау жолымен алып отырған. Сөйтіп ол жәбірленушілер Д.-ға 16 855 теңге, С.-ға 455 000 теңге, Т.-ға 198 400 теңге мүліктік шығын келтірген.
Сот үкімімен сотталушы М. ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4)-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚР ҚК-нің 58-бабы 3, 6-бөлігінің талабына сәйкес Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 24.08.2023 жылғы үкімімен жазаны онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалап, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді.
2023 жылдың 21 желтоқсанында Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істері жөніндегі сот алқасында қаралып, қаулысы өзгеріссіз, апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қорыта айтқанда, соңғы жылдары аймақта алаяқтық жолмен күн көрушілер қатары көбейіп келеді. Содан да алаяқтардан абай болайық, ағайын.