Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Сол себепті де мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі – мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру және нығайту болып табылады.

Мемлекеттік қызметті атқару – жоғары моральдық жауапкершілік пен кәсіби білімді талап ететін қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру. Бұл дегеніміз, мемлекеттік қызметші адалдығымен және белсенді өмірлік ұстанымымен ерекшеленіп, мемлекеттік қызметтегі жұмысының маңыздылығын түсіне отырып, өз елінің патриоты болуға, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру үшін барлық шараларды қабылдауға міндетті.  Ол туралы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде айқындалған, онда: «мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды» делінген.

Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Бұл қағиданы әрбір мемлекеттік қызметші қаперде ұстап, еш уақытта ұмытпауы тиіс. Себебі, ұлт мәртебесін көтеретін, ел беделін асқақтатын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты әрі абыройлы міндет.

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттік қызметшінің бойында жоғары білімнен бөлек, өн бойында ар-ұят, қайрат, намыс, ер-жігер, сондай-ақ биязылық секілді асыл қасиеттер болғаны жөн. Яғни, мемлекеттік қызметші өзінің білімі, тәжірибесімен ғана емес, сан жылдар бойы қалыптасқан мінез-құлқы, бойындағы сүйіспеншілдігі, қызметіне адалдығының арқасында мемлекет алдында тұрған маңызды шараларды жүзеге асыруда аянбай еңбек етеді.

Мемлекеттік қызметші әр уақытта заң қағидаларын ұстана отырып, қай жерде, қандай жағдай болмасын, өз елінің азаматтарының сенімін жоғалтпай, әділдік пен қарапайымдылықтың үлгісі болуға тырысып, сол бағытта бар күшін салуға атсалысу керек.

М.Мұсабек,
Қызылорда қалалық сотының жетекші маманы

Related posts