«Тіл – ұлттың өзегі. Онда халқымыздың бүкіл бітім-болмысы көрініс тапқан. Бай әрі шұрайлы тіліміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елімізбен бірге жасап келеді. Шын мәнінде, тіл – жанды ағза іспетті, ұдайы жаңарып отырады. Заман талабына сай жаңа сөздер қосылады. Кейбірі көнеріп, сирек қолданыла бастайды. Бұл – заңды құбылыс. Біз үшін ең бастысы – қастерлі тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасып, уақыт сынынан сүрінбей өткен табиғатын бұзбай одан әрі дамыта түсу. Сауатты жазып, дұрыс сөйлей білетін халықтың тілі ғұмырлы болады», дейді Мемлекет басшысы. Осы тұрғыда мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ниязова Сағыныш апайыммен бірге «Оқушы сөйлеміндегі жарыспалық» атты ғылыми жоба алып, оқушы арасындағы тіл сауатсыздығын зерттедік. Тақырып өте қызықты және актуалды. Алғашында сыныптастарыма эксперимент жасап, қателіктерін байқадым. Қателіктерін түзеткеннен соң, сыныптастарым да менің жобама қызығушылық танытты. Әлеуметтік желі тарапынан да қолдау көрсетті. Сабақтан тыс уақытта тіл сауатсыздығына байланысты әлеуметтік желіге видеолар салып, қатарластарыммен бөлістім.
Тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мәртебесі өз қолымызға тигенімен, тілімізге орнығып қалған кейбір аралас сөздерден әлі арыла алмай келеміз. Бірінші қателік – тіл шұбарлығы. Екінші қателік – қазақ қарпін пайдалана білмеу. Қазақ әліпбиіндегі тоғыз әріп әлі күнге өз орнында жұмсалмайды. «Қ»-ның орнына «к», «ә»-нің орнына «а», «ө»-нің орнына «о», «ң»-ның орнына «н» әріптерін жазу жастардың үйреншікті дағдысына айналып кеткен. Нәтижесінде сөздердің ақсауына жол береміз. Сондай-ақ кейбір сөздерді жөнсіз қысқартып жазу (ол да өзге тілде). Мысалы спс (рақмет), ок (жарайды, сізбен келісемін), т.с.с. сөздер жазба мәдениетімізге нұқсан келтіруде. Тағы бір үлкен мәселе – тыныс белгілерін орынсыз қолдану немесе мүлдем қолданбау – сөйлемдердің синтаксистік құрылымындағы қателіктерге жол беріп жатады. Менің ойымша, оқушының әлеуметтік желіні пайдаланудағы ескермейтін нәрсесі – ауызекі тіл мен жазба тілдің айырмашылығын ажырата алмауында. Ауызекі сөйлеу тіліндегі фонетикалық-грамматикалық қолданыстар, жазба тілде сол күйде қолданыста жүреді. Бұл жазба тіл мәдениетінің сақталмауына әкеліп соқтырады. Сонымен қатар оқушы сөйлеміндеі сленг сөздер мен жаргон сөздер көптеп орын алады және әртүрлі себептерге байланысты қолданады. Біріншіден, көпшілік алдында әсер қалдыру үшін, екіншіден, елден ерекше болу үшін, үшіншіден өзгелер түсінбеу үшін, төртіншіден белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін, бесіншіден әзіл мен мысқыл ретінде қолданады.
Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы, — дейді. Ұлы ақын Абайдың қойған талабына құлақ асып жүрміз бе? Өз тіліңді құрметтеуге үйренуге талпынуымыз қажет. Сөйлеген, сөйлескен кісінің үнінде адам ойының нақышты бедері ғана емес, ойдың өзі көлбеп көлденең тартылады. Осы орайда сөздің оңы мен терісіне, өңі мен астарына мән беріп, мағыналы сөйлеу маңызды. Татулыққа тамыр, тазалыққа нәр, пәктікке пәрмен болатын қанатты сөздерді ескеріп, мақал-мәтел, нақыл сөзден өнеге алып, асыл мұрамызды дәріптеу міндетіміз. Ана тілімізді аттың жалында, атанның қомында жүргенде де жоғалтпай, шұрайлы да көрікті қалпында ата-бабамыз кейінгі ұрпағына аманат етті. Ендеше, сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел! Барша жасөспірімді, аға-әпкелерімді сауатты сөйлеуге, қатесіз жазуға шақырамын.
Рамазан ҮСЕНГЕЛДІ,
Абай атындағы үш тілде оқытатын
дарынды балаларға арналған
мамандандырылған сыныптары бар мектеп
6 «Е» сынып оқушысы