Қалалық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 31 мамыр күні «Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің “Шоқайтану” орталығында Гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры Тайман Сағат Тамшыбайұлының және Тарих ғылымдарының докторы Сәтбай Тастанбек Яхияұлының қатысуымен «Кеңестік саяси қуғын-сүргін: зерттеу мен зерделеу» тақырыбында танымдық кездесу шарасы өткізілді.


ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең.
Жалпы, ХХ ғасырдың І жартысында орын алған саяси оқиғалар тек қазақ халқын ғана емес, миллиондаған кеңес азаматтарын құрбан етті.
Бұл қасірет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ.
Осындай үлкен тарихи оқиға тәуелсіздікке дейін жабық тақырып болып келді. Алапат аштық пен саяси қуғын-сүргін туралы ашық айтылмай, себептері халыққа бұрмаланып жеткізілді. Тек тәуелсіздік алуымызбен ақтаңдақ тұстардың жауабын іздеуге кірістік.
1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң, мемлекетіміздің соңғы жүзжылдықта жүріп өткен сүрлеуіне жаңаша баға беруге жол ашты.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте қалдыру мақсатында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында халқымызды ойсыратқан алапат ашаршылықтар мен саяси қуғын-сүргінге қатысты тарихи құжаттарды мұқият зерделеп, жан-жақты зерттеуді тапсырды.
Шара соңында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, ой-пікірлер айтылды.