Есірткісіз қоғам әрбіріміздің қолымызда

Ә.Жылкелді,
Қызылорда қаласының №2 сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы

Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Нашақорлық – бұл адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Есірткінің қармағына бір іліндірген соң, торға түскен балықтай қанша бұлқынғанмен, одан қайтып құтылу екіталай. Әсіресе, жастарды көктей орып, жуадай солдыратын – көкнәр, апиын, наша тарту есірткі құмарлыққа жатады. Есірткі әлемнің көп елдеріне жайылып, жасырын бизнестің ең қауіпті түріне айналуы қазіргі кездің ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл мәселенің шешілуі біздің мемлекетіміз үшін де маңызды.

Баспасөз беттері және электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа есірткінің зияны туралы кең көлемде ақпарат бере отырып, есірткі пайдалануға және нашақорлыққа қарсы насихаттау жұмыстарын күшейту қажет. Қорыта айтқанда, қылмыстар мен зұлымдық атаулының туындауына әкеліп соқтыратын нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреске бүгінгі таңда ерекше назар аудару арқылы, мейлінше ықпалды әрі тиімді шараларды үздіксіз жүргізіп отыру баршамыздың басты міндетіміз.

Нашақорлық – биологиялық, үдемелі және өлімге душар ететін ауру. Адам баласы өзінің алғашқы есірткісі ретінде героинды қабылдамайды, керісінше ол марихуана, стимуляторлар мен құрамында есірткі бар дәрілік заттарды қабылдаудан бастайды. Адамдар арасында жеңіл есірткі түрі туралы жалған мәлімет тарап кеткен. Егер адам баласы марихуананы шегіп, өлмеген болса онда героинда сондай қауіпті емес деген ой пайда болады. Жеңіл деген есірткі шымылдығының ар жағында үнемі ауыр тәуелділікке әкеп соғатын есірткілер тұрады. Жеңіл есірткі дегеніміз ол мүлдем жалған және ол есірткі қолданатын адам санын көбейтуге бағытталған деп айтуға болады.

Нашақорлық – тұңғиық түбі, адамды елікті ретін аждаһаның бір басы. Дүниежүзі елдерін жайлап, күн сайын тамырын тереңге жайып, асқынып бара жатқан нашақорлықтың мұншалықты етек алуы неден деген сұраққа жауап іздеп көрейікші. Менің ойымша, оның басты себебі- еліктеушілік, отбасындағы тәрбиенің тізгіннен кетуі, немесе жанкүйзелісі, жоқшылық, қымбатшылық, жұмыссыздық болуы да мүмкін. Кейінгі есірткілік заттарды қолданатындардың басым көпшілігі – мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар. Оның себептері әртүрлі. Біріншіден, олар өз- өздеріне есеп беріп жатпайды. Өмірдің не екенін әлі жете түсінбейді. Екіншіден, бұл жаста әр нәрсеге еліктегіш, тез бейімделгіш келеді. Осы мінезден болашағына емес, бір күндік рақат-ләззатқа, қызыққа еліктеп «шоқ басқанын» өзі де білмей қалады.

Нашақорлық  ұлт таңдамайды. Есірткіге құмарлық өмір бойы сақталуы мүмкін. Тек санаулылары ғана есірткіге тәуелділікті жеңе алады. Қауіптен құтылудың ең дұрыс тәсілі – оларды еш уақытта татып көрмеу. Дана халқымызда: «Аллам сақтанғанды сақтайды» дейді. Сондықтан жаман әдет, жат қылықтан аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстанғанымыз жөн болар.

Related posts