М.Жусупбекова
Қызылорда қаласының №2 сотының сот әкімшісі
Судьялардың қызметін қамтамасыз етуде маңызды рөлді сот отырысы хатшылары атқарады. Сот отырысының хатшысы лауазымына жоғары білімді адам тағайындалады. Сот отырысының хатшысы қылмыстық іске мүдделі емес мемлекеттік қызметші болып табылады.
Сот отырысының хатшыларының жұмысы сырттан қарағанда қарапайым әрі оңай болып көрінеді. Бір қарағанда сот мәжілісінің хатшылары хаттама жасап, іс құжаттарын реттеп отыратын жай ғана маман сияқты. Алайда, сот мәжілісі хатшысының жұмысы күрделі, әрі қызықты да жауапты. Сотта қаралатын әрбір істің өзіндік қиындықтары мен істі өндіріске дайындау процестік әрекеттері болады. Сот мәжілісі хатшылары сот отырысының хаттамасын жүргізіп, сондай-ақ сот отырысының аудио-бейне тіркелуін қамтамасыз етеді.
Сот отырысының хатшысы хаттамада соттың әрекеттері мен шешімдерін, соттың отырысының қатысушы тұлғалардың өтінішхаттарын, түсініктемелерін басқа да мән-жайларды толық және дұрыс жазуға, сот отырысының хаттамасын Қылмыстық Процестік Кодексте белгіленген мерзімде дайындауға, өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығына жеке жауаптылықта болады.
Сот отырысы хаттамасында шындыққа сай келмейтін мәліметтер енгізген жағдайда, хатшы заңда көзделген жауаптылықта болады.
Сот отырысының хатшысы еңбек пен атқару тәртібін бұзғаны үшін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтамағаны үшін, өзінің қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, ішкі еңбек тәртібінің ережесін, қауіпсіздік техникасы мен өрт сөндіру қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ заңға қарсы өзге де әрекеттер жасағаны (әрекетсіздігі) үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауаптылықта болады.
Сот отырысының хатшысы Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі маңызды буын болып табылады.
Судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот отырысы хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне тікелей байланысты. Соттың жұмысы мен имиджі де сот отырысы хатшысының дұрыс ұйымдастырылған жұмысынан, оның жауапкершілігінен көрініс табады. Осы ретте, Қызылорда қаласының №2 сотының әкімшісінде өз жұмыстарын жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқарып келе жатқан сот отырысының хатшылары М.Жакупованы, А.Абызованы, Ж.Қасымованы, Ә.Жылкелдіні, М.Кулимованы, Д.Жұбатқанованы, Е.Жетпісбайұлын атап өтуге болады.
Атқарып келе жатқан қызметтерінің қиындығы мен қызығын қатар алып келе жатқан сот отырысы хатшыларына сарқылмас күш жігер тілеймін.