Гендерлік теңдік – мемлекеттің басым бағытының бірі

Қазақ елінің тарихында ел шетіне жау шапқанда қолдарына қаруларын алып, ерлермен бірдей дұшпанмен айқасқан батыр қыздарымыз баршылық. Сонау Томирис пен Заринадан бастап, Әлия мен Мәншүкке дейін үлгі етерлік батыр арулар жеткілікті. Тіпті, тәуелсіздіктің қарлығашындай болған  Ләззат пен Сәбираның өзі талай намысты ұлға өнеге етуге тұрарлық. Әйел баласының бұдан да басқа қасиеттері жетіп артылады.

Қазақ қоғамында әйел баласына, анаға ерекше қамқорлық пен құрмет көрсетіледі.

Сол себепті, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі гендерлік саясат туралы сөз етпекпіз.   Ол – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.

Гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейтiнін айта кеткен жөн. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап гендерлік теңдік мәселесі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған саясаттың бір басымдығы болып келеді.

Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдармен реттеледі.

Гендер – ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық салаларында көрініс табатын әлеуметтік қыры. Ал, гендерлік теңдік – қай жынысқа жататынына қарамастан, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін және саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени өмір салаларына қатысуға нақты қолжетімділігін қамтамасыз ететін құқықтық мәртебе.

Ол адамдар мен азаматтардың отбасылық – тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық  құқықтарын қорғауға бағытталған. Заң әйелдерге қатысты тұрмыстық зарлық-зомбылықтың алдын  алу және жолын кесу жолында шынайы құқықтық жағдай жасады.

Осы бағытта арнайы стратегия қабылданып, жүзеге асырылған. Мемлекеттік гендерлік саясат базалық гендерлік заңдарға және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес жүзеге асырылды.  2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бірінші кезеңде (2017 – 2019 жылдар аралығында)  отбасы және гендерлік саясаттың қол жеткізген нәтижелерін  ары қарай дамыту іс-шараларын  жүзеге асыруды қамтамасыз ету жоспарланып, отбасы және гендерлік саясаттың  2017-2019 жылдарға көзделген  жоспарларында қарастырылды.

Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясаттың негізгі принциптері ерлер мен әйелдер үшін Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдендірілген тең құқықты және бостандықты орнатады. Гендерлік теңдік саясатының алға жылжуы үшін әйелдерге саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге араласу қажет. Демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті бекітуде қазақстан әйелдерінің рөлі ерекше.

Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің рөлі айрықша. Балалардың туылуы, олардың тәрбиесі нәзік әйелдердің мойнында. Сонымен қатар, олар өмірдің маңызды салаларында еңбек етеді, мемлекеттік басқару жүйесінің көп бөлігі солардың еншісінде. Әйел отбасы құндылықтарының мүддесін қорғайды. Күнделікті және байқалмайтын отбасы туралы қамқорлық, өз жанұясы үшін жан жайлылығын жасау — әрбір әйел үшін абзал міндет болып табылады.

Гендерлік стратегия іске асырылған жылдары отбасылық-неке қатынастарында тұрған ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюінде оң динамикаға қол жеткізілді. Сонымен қатар, еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар бекітілді. Сол арқылы әйелдердің, жүкті әйелдердің және баласы бар әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар пайда болып, жүзеге асырылуда.

Біздің елімізде гендерлік саясаттың міндеттеріне билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуы, экономикалық тәуіелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, жыныс белгілері бойынша күштеу бостандығы, біздің қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын шешімдер жатады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, отбасының беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар моделі елеулі әсер етеді. Гендерлік теңдік деңгейі жоғары боған сайын, отбасы мүшелерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық, тепе-теңдігі мен нәтижелілігі жоғары болады.

Осылайша, заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамыс процесі болып табылады.

Б.Налибаева
Жаңақорған аудандық соты әкімшісінің басшысы   

Related posts