Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау жөніндегі негізгі талаптар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 8-тарауында бекітілген. Ал, әдептілік мінез-құлық қағидалары Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде бекітілген.
Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мемлекеттік қызметтің оң имиджіне, мемлекеттік қызметшілердің беделін арттыруға септігін тигізеді.
Мемлекеттік қызметшінің іскерлік беделі оның кәсіби және адамгершілік қасиеттеріненқұралады.
Әдеп кодексі мәдениеттің құрамдас бөлігіретінде адамгершілік және мораль мәселелеріне жақын. Әдеп қағидаттары мен стандарттарының сақталуы қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімінің артуына ықпал етеді.
Әдеп кодексінде белгіленген қағидаттар мемлекеттік қызметшінің атқаратын қызметінің аса маңыздылығы мен оған ерекше жауапкершілік жүктелетінін айқындайды.
Мемлекеттік қызметтің әдеп қағидаттары мемлекеттік қызметшіге жоғары талаптар қояды. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші өз іс-әрекеті және мінез-құлқымен адалдықты жеке пайдадан жоғары қоюға міндетті. Халықтың тарапынан сынға ұшырамау үшін әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтің әдеп қағидаттарын қатаң сақтауы керек.
Қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық қалыптасуын жетілдіру дәстүрлі, ұлттық-мәдени құндылықтарға сүйене отырып, республика дамуының әлеуметтік — тарихи факторларына бағдарланып жүзеге асырылуы тиіс.
Қазіргі Қазақстандық қоғам мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуді, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін елдің игілігі мен өркендеуі жолында жұмсауын күтеді.
Мемлекеттік қызметшінің жеке дамуы жалпы қоғамдағы өзгерістердің бастауы болуы мүмкін. Оның тұлғасы қоғамға үлгі болуы керек.
Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі кәсіби қызметпен тығыз байланысты. Мәдениет, білім, тәрбие деңгейі адамның іс-әрекетінде көрінетін ішкі рухани әлемін бейнелейді. Ардан аттамау, әдеп қағидаларын бұлжытпай орындау, жоғары жауапкершілікті сезіну мемлекеттік қызметшіге тән негізгі қасиеттер болуы керек.
Халықты әлеуметтік қорғау
саласындағы реттеу және бақылау
комитетінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің
Әдеп жөніндегі уәкілі
Б. Тулегенова