ҚЫРАН ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАН

Республика күні халықтық мереке. Қазақстанның өзге елдермен терезесі теңесіп, шекарасы анықталып, өзіндік туы мен әнұраны бар жеке дара ел болып әлем картасында орын алған күн. Бұл бұрынға ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандаған азаттық таңы.
25 қазан – Республика күні араға 13 жыл салып, ұлттық мереке ретінде қайта оралды. Ол еліміздің басты және жалғыз ұлттық мерекесі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», — деген болатын.

2022 жылы 29 қыркүйек күні мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойып, Республика күнін ұлттық мерекелер қатарына қосты.
Біз үшін Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры саналатын, елдігіміздің бастауы болған Республика күнінің маңызы зор. Себебі,  Республика күні – ұлттық мереке. Бұл күнді барша қазақ халқы аңсап, армандаған. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап егемен Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл декларация ел тәуелсіздігінің іргетасы болды. Өзінің жеке территориясы мен діні, тілі, азаматтығы мен жеке бюджеті бар дербес елге айналды.
Тәуелсіздік ақ таңының шырайы шашылып, күн күлімдеп, айымыз жарық болу үшін де еліміздің ынтымағы мен бірлігін сақтауымыз керек.
 Өз кезегінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері ел дамуының жолында аянбай еңбек етіп, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өздерінің жауынгерлік міндеттерін жоғарғы деңгейде атқарып, ел тыныштығы мен тұғырлы тәуелсіздігімізді қорғап келеді.
Тәуелсіздік қай елдің болмасын басты игілігі. Баға жетпес құндылығы да сол! Ендеше біздің де тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оның бастауы – Республика күні де ерекше маңызға ие болуы шарт.
Тәуелсіздіктің ақ таңына жол ашқан 25 қазан Республика күні құтты болсын! Ел іргесі мықты, жүзіміз жарық болсын!

Подполковник Ерген БАСТАМИЕВ,
5547 әскери бөлімінің командирі

Related posts