Қайта қараудың құзыры қандай?

2025 жылдың ортасынан бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша Астана қаласында құрылып, апелляциялық сот алқасының қабылдаған актісі негізінде істерді қайта қарайтын Кассациялық сот жайлы көп талқыланып жатыр. Бұл әділдік пен ақиқатқа жетудің нағыз даңғылы болмақ. Негізі қаңтардың алғашқы аптасынан бастап құрылатын бұл сот жүйесі көп ерекшелеіктерімен ескерілмек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кассациялық сотты жасақтау жөніндегі тапсырмасынан соң жүзеге асқан тәуелсіз кассациялық сотты құру сот төрелігінің сапасын және азаматтардың жалпы соттарға деген сенім деңгейін арттыруға ықпал етеді. Яғни, менің сөзім тыңдаусыз қалды, біржақты тартып кетті деп күйінбейсің. Бұрынғы тілмен айтқанда бір би бұра тартса, екінші би бар жүйесі болмақ.
Осы өзгеріске дейін кассациялық сот сатысы Жоғарғы Соттың құрамында болды. Барлық істерді кассациялық сатыда қайта қарала бермейтін. Соның салдарынан қылмыстық және азаматтық істердің тек 5 пайызы ғана кассацияға жолданатын. Атап айтар болсақ:
— азаматтық істер жеңілдетілген (оңайлатылған) іс жүргізу тәртібінде қаралса,
— іс татуласу рәсімімен аяқталса,
— жеке тұлғалар үшін талап қою сомасы 2000 айлық есептік көрсеткіштен кем болса,
— заңды тұлғалар үшін 30 000 айлық есептік көрсеткіштен кем болса, бұл істер кассацияда қаралмайтын еді.
Қылмыстық істерден қылмыстық теріс қылықтар бойынша, онша ауыр емес қылмыстар бойынша, сот талқылауы барысында шығарылған, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысының залында тәртіп сақтауға қатысты, мемлекеттік және жекеше айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты мәселелер бойынша, үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша және тергеу судьясы шығарған сот актілері қаралған істер кассацияда қаралмады.
Ал, соңғы өзгеріске орай кассациялық сот са¬тысы дер¬бес болады.
Жаңа өзгерістерге сай, кассациялық сот — сот істері мен материалда¬рын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды, сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды, заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Сондай-ақ, бірыңғай кассациялық сотта заңды күшіне енген сот актілері қайта қаралады, алдын ала қарау сатысы болмайды, 6 ай шегінде ақылға қонымды мерзімдер белгіленеді және де істерді мәні бойынша үш судья құрамында қарайтын болады.
Демек қандайда бір істің шикілігі ішінде кетті, зарымыз көмілді, мұңымыз тыңдалмады деуге енді негіз жоқ. Яғни, әрбір істі қатаң әрі мәселені май шаммен қарағандай, майдан қыл суырғандай етеді деген сөз. Заңдылықтың бұзылуы, талаптардың бұрмалануы бір сатыдан өтсе де, екінші сатыдан өтпейді. Оның үстіне жаңа құрылған соттың мүмкіндіктері сүзгіден қылау өткізбейтін шартта негізделген. Сондықтан әділдік үстемдік құрады деп анық айта аламыз. Ал, әділдік үстемдік құрған жерде тыныштық та, бақыт та орнамық.

Г. Искакова,
Қызылорда қаласы мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының судьясы

Related posts