Судья болу – зор мәртебе

А.Зейнулла
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы

Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы заңының 23-бабында Судья мәртебесi айқындалған. Аталған заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi.

Судья Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн іске асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды адамы болып табылады.

Судьялардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және өзге де заңдармен белгiленедi.

Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен мiндеттердi жүктеуге, қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртiбiн сақтау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгiзуге болмайды.

Соттар мен судьялардың тәуел­сіздігі – уақыттың өзі тексеруден өткізген демократиялық жетістік болып табылады. Осыған орай, мемлекет тарапынан сот ше­шімдері мен оның тәуел­сіз­ді­гін толық қам­­та­ма­сыз етудің және құ­қықтық мәр­тебесі мен ой мүд­десі тәуел­сіз­дігінің барлық шара­лары қа­был­данды.

Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, олардың ұстанымы мен жеке басының ерекше адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты.  Халық  даналығы «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» дейді.

Мемлекет мүддесі үшін қызмет атқаратын судьялар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңында қойылар талаптармен қатар, Судьялық әдеп кодексінде көзделген міндеттерді және күнделікті өмірде, қызметтен тыс кезінде моральдық, этикалық әдеп нормаларын сақтауы тиіс.       

Судьялардың Әдеп кодексі әрбір судьяның жұмыс үстелінде тұратын ерекше маңызға ие құжат. Қазылар аталмыш заңның талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті. Бір жағынан бұл судьяның мәртебесін көрсетеді.

Ал өз салаңның білікті маманы болуы үшін сол салада төменгі сатыдағы қызметтерді атқарудан бастап, сатылы түрде тәжірибе жинақтау арқылы біліміңді, кәсіби дағдыңды ұштайтының белгілі.

Әділдіктің көрсеткіші, ақиқатты анықтаушы – сот билігінің өкілі ретінде судьялардың білімі жоғары, кәсіби шеберлігі мықты ғана емес, әдебі мен парасаты да жоғарғы лауазымға сай болғаны жөн.

Судьяларға қойылатын басты талаптар — судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез-келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіздікке жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс. Сонымен қатар, судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және процеске қатысушылар мен өзге де сот отырысына қатысушы адамдардан сондай қарым-қатынасты талап етуге және сот төрелігінің әділдігі олардың күмәнін туғызбауы үшін шаралар қолдануға тиіс.

Сонымен қатар, жұртшылық тарапынан болып тұратын тұрақты назар судьяға өзіне бірқатар шектеулер қою міндетін жүктейді. Судья күнделікті өмірде, яғни, жұмыстан тыс уақытта кіммен араласатынын, ол адамның кім екенін, судья қызметін пайдалану сияқты жымысқы ойдың бар жоғын сезінуі керек.

Жалпы, аудандық соттың судьясы болып отыз жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар, біліктілік емтиханын тапсырған, медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіптік мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған, негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама қорытындысы бойынша соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

Оның кәсіби дағдысы мен іскерлігін анықтау мақсатында тестілеуден өткізу, бір жылдық тағылымдамадан өту, сынақ мерзімінен өтуі үміткердің сот саласында жүріп жинаған тәжірибесінің тиімділігін, оның білімінің ұшталғанын анықтауға арналған тиімді шара.

Демек, біліксіз, тәжірибесі жоқ, тура шешім шығара алмайтын адам судьялыққа келе алмайды. Өйткені, сапалы сот төрелігін жүзеге асыру – осынау ауыр еңбекті таңдаған адамның кәсіби деңгейіне және адами қасиеттеріне тікелей байланысты. Жалпы, судья болу — зор мәртебе.

Related posts